Семейде мемлекеттік қызметкерлердің көлігі монша, сауна мен дәмхана маңынан байқалған

Семейде мемлекеттік қызметкерлердің көлігі монша, сауна мен дәмхана маңынан байқалған

Куәгерлер көліктердің монша, сауна, дәмхана мен мейрамхана тұрағына қойылғанын видеоға түсіріп алған. Бұл туралы  abainewskz порталына сілтеме жасап, abaidan.kz тілшісі  хабарлайды. Абай облыстық мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің хабарлауынша, кейінгі екі айда жеке және заңды тұлғалардан мемлекеттік орган қызметкерлерінің мемлекетке тиесілі қызмет көлігі жұмыстан тыс уақытта жеке мақсатта пайдаланғаны туралы 10-нан астам арыз түскен. 

"Арыздарда қызмет көліктері демалыс және мереке күндері Семей қаласы мен облыс аудандарына бару үшін жеке мақсатта пайдаланылды делінген. Куәгерлер бұл жайттарды видеоға түсіріп алып, олардың монша, сауна, дәмхана, мейрамхана және т.б. жерлерде тұраққа қойылғанын көрсеткен", - деп хабарлады ведомство. 

Автокөліктерді жұмыстан тыс уақытта қай мемлекеттік органдар пайдаланатынын анықтау үшін ведомство Абай облыстық полиция департаменті мен басқа да құзыретті органдарға сауал жолдады.

"Арыздар қарастырылғаннан кейін департамент заңға сәйкес шешім қабылдайды. Айыпты лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапқа тарту мәселесі қаралады. Мемлекет меншігі тек мақсатты түрде пайдаланылуы керек. Мемлекеттік қызметкерлердің заңғы қайшы әрекеті қоғамның жағымсыз көзқарасын тудырып, билік органдарына деген сенім деңгейін төмендетеді", - деп толықтырды Абай облыстық МҚІАД.

Айта кетсек, мемлекеттік қызметкерлердің жұмыстан тыс уақытта және мереке күндері қажетіне байланысты қызмет бабымен шығуы жұмыс берушінің келісімімен, акт толтыру арқылы ресми тіркеледі. 


#Семей, #заң, #автокөлік