Семейде жасөспірімді аңдыған ер адам полицияны пышақтады

Семейде жасөспірімді аңдыған ер адам полицияны пышақтады

Семейде полиция қызметкерлері жасөспірімді аңдыған ер адамды қолға түсірді, -деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Абай облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Күдікті ұстау барысында тәртіп сақшысын пышақпен жарақаттаған.   29 ақпанда полицейлер 13 жастағы қыздан белгісіз ер адамның өзін артынан қуып жүргені туралы хабарлама алады. "102" операторына қоңырау шалған қыз, сыртқа шығуға қорқып, дүкенде күтетінін айтқан. Учаскелік полиция инспекторлары  супермаркеттің жанынан күдікті адамды байқап, мән-жайларды анықтауға тырысқан, бірақ жігіт қолындағы пышағымен, тәртіп сақшыларына қарай жүгірген.

Учаскелік полицейлер ер адамның дүкеннен кетуі керек екенін түсінді, өйткені ол маңда адамдар болып, зияны тиіп кетуі мүмкін. Агрессивті ер адамның назарын аударып, полицейлер рациямен көмек сұрады, патрульдік полиция экипажы дереу оқиға орнына келді.

Заңсыз әрекеттердің жолын кесу үшін қызметтік көліктен шыққан кезде патрульдік полицей Асхат Ахатовқа күдікті пышақ жарақатын салған. Осыған қарамастан, жараланған қызметкер әріптестерімен бірге жекпе-жек әдістерін қолданып, қылмыскерді ұстады.

Басынан үш рет жарақат алған полиция қызметкері ауруханаға жеткізіліп, оған медициналық көмек көрсетілді.

Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, оған қатысты полиция қызметкерінің өміріне қол сұғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.


#Семей, #Абай облысы, #Жасөспірім, #Полиция