Шетел азаматтарына виза беру тәртібі жаңартылды
2024 жылғы 18 қарашадан бастап Қазақстанда шетел азаматтарына виза беру тәртібінің жаңартылған ережелері күшіне енді. Бұл өзгерістер білікті мамандарды, цифрлық көшпенділерді және инвесторларды тартуға, сондай-ақ отбасылық иммиграция рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған. Бұл туралы abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«B9» санатындағы виза
— сұранысқа ие мамандықтар бойынша шетелдік мамандарға арналған. Бұл виза Қазақстанда тұруға ықтиярхат алудың алғашқы қадамы бола алады.
Digital Nomad
— Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдік IT-мамандарға арналған виза. Бұл виза бір рет электронды форматта және бірнеше рет қағаз түрінде беріледі. Цифрлық технологиялар саласындағы қашықтан жұмыс істейтін кәсіпқойларды қолдауға бағытталған.
Neo Nomad
— ұзақ мерзімді болуға мүмкіндік беретін туристік виза. Ай сайынғы табысы 3000 АҚШ долларынан асатын шетел азаматтарына арналған. Ел аумағында еркін жүріп-тұру мен жайлы болу шарттарын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар бірқатар рәсімдер жеңілдетілді:
«C5» санатындағы іскерлік виза
алу үшін талап етілетін құжаттар тізімі қысқартылды, бұл кәсіпкерлерге виза рәсімдеу үдерісін жылдамырақ әрі жеңіл өтуді қамтамасыз етеді.
Отбасымен қауышу мақсатында
берілетін виза алу үшін Қазақстанда міндетті тұру мерзімі 3 жылдан 1 жылға дейін қысқартылды.
2025 жылдың басынан бері Абай облысында 520 виза берілген, оның ішінде 7 виза — іскерлік иммигранттарға.