"ШҚО жерін Ресейге беруді ұсынған": Алтай тұрғыны 5 жылға сотталды
Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны әлеуметтік желілердегі сепаратистік мәлімдемелері үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі KAZ.NUR.KZ сілтеме жасап. Баспасөз релизіндегі мәліметке сәйкес, ШҚО-дағы Алтайдың аудандық соты Қылмыстық кодекстің 180-бабының 2-бөлігі бойынша Д. есімді тұрғынға қатысты қылмыстық істі қараған. Сот 18 тамызда әйел сепаратистік пиғылын әлеуметтік желілердегі жазбалардың біріне пікір ретінде жазғанын анықтады. "Аккаунт парақшасының ашық қолжетімділігі бар екенін және жарияланымның астындағы талқыланатын тақырып Instagram желісін пайдаланушылардың шектеусіз тобына қолжетімді екенін біле отырып, ол Шығыс Қазақстан облысының аумағының болашақта Ресей федерациясына қосылуы туралы экстремистік идеялар мен пиғылын білдірді", - делінген баспасөз хабарламасында. Әйелдің кінәсі мойындау айғақтарымен, Instagram-дағы аккаунт парағындағы жариялаған пікірімен, оның пікірі жеккөрушілік риторикасын туғызғанын анықтаған сараптаманың қорытындысымен дәлелденген, оның ішінде сепаратизмді насихаттау белгілері де бар. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар сотқа ұсынылмағаны атап өтілді. "Асырауында екі жас баланың болуы, кінәсін мойындауы, жасаған ісіне өкінуі жеңілдететін мән-жай деп танылды. Осылайша Д. есімді азаматшаға қатысты 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бірақ оның балалары 14 жасқа толмағандықтан, жазаны орындау 5 жылға кейінге қалған. Үкім заңды күшіне енді", - делінген сот хабарында. Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 180-бабының 2-бөлігіне сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, сепаратистік қызмет үшін 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.