«Абайға құрмет» акциясы: Семейде жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеруде

«Абайға құрмет» акциясы: Семейде жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеруде

Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы қарсаңында елімізде жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында Абай облысында ауқымды құрылыс жобалары қолға алынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен басталған бастама өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және Семей қаласының келбетін жаңғыртуға бағытталған. Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында Абай облысының әкімі Беркік Уәли жазды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі. Үкіметтің арнайы қаулысына сәйкес, Қазақстанның әр өңірі Абай облысына бір-бір әлеуметтік немесе мәдени нысан тарту етуде. Бұл игі бастама ел өңірлерінің өзара ынтымақтастығын нығайтып, ұлы ойшылдың туған жеріне деген құрметтің айқын көрінісіне айналды. Қазіргі таңда бірнеше маңызды нысанның құрылысы басталды. Маңғыстау облысы Семей қаласындағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта Достық үйін салуда. Солтүстік Қазақстан облысы Бейбітшілік аралында Рәміздер алаңының құрылысын жүргізіп жатыр. Ал Ақтөбе облысының қолдауымен қаланың сол жағалауында Жекпе-жек сарайы бой көтеруде. Сонымен қатар жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта тағы үш нысанның іргетасы қаланды. Атап айтқанда, Шымкент қаласы Шығармашылық орталығын, Алматы қаласы Медиаорталықты, ал Павлодар облысы Үстел теннисі орталығын салып береді.

Акция аясында өзге өңірлер де бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Түркістан облысы көрме орталығын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» орталығын, Атырау облысы «Абай әлемі» орталығын салады. Жетісу облысы Семей қаласының кіреберісіне қала қақпасын тұрғызса, Батыс Қазақстан облысы спорт кешенін, Қостанай облысы руханият орталығын, Астана қаласы «Келешек» мектебін салып береді. Ал Шығыс Қазақстан облысы Ертіс өзенінің жағалауын абаттандыру жұмыстарын атқарады. Бұдан бөлек, Шымкент қаласы шығармашылық орталығымен бірге Семей қаласының Водный кентіне Мәдениет үйін тарту етпек,-деп жазады аймақ басшысы.

Жобаға ұлттық компаниялар мен ірі инвесторлар да белсенді қолдау көрсетуде. «KAZ Minerals» компаниялар тобы стадион құрылысын қолға алса, «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ Мирный кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салып жатыр. Ал «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Инклюзивті спорт орталығын, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Болашақ сарайын салуды жоспарлаған. Облыс әкімдігі аталған жобалардың барлығы белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқталып, халық игілігіне берілуі қатаң бақылауда болатынын атап өтті. «Абайға құрмет» республикалық акциясы – ұлы ақынның рухани мұрасын ұлықтаумен қатар, Семей қаласының әлеуметтік және мәдени әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Бұл жоба ел өңірлерінің бірлігі мен ортақ жауапкершілігінің нақты көрінісі ретінде бағалануда.


#Абай облысы, #құрылыс, #Абайға құрмет