Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – басты мемлекеттік бағыт
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында еліміздің барлық саладағы даму бағытына қатысты маңызды мәселелерді қозғады. Солардың ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала беретінін ерекше атап өтті,-дейді Нәзигүл Ғазизова. Президент Қ.К.Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің дербес мәртебесінің жойылуына қатысты пікірлерді түсіндіріп, бұл шешімді агенттік пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің міндеттерінің қабаттасуын жою үшін қабылданғанын айтты. «Сыбайлас жемқорлықпен барлық деңгейде күресу мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді. Бұған қатысты ешқандай күмән тумауға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Президент қылмыстың алдын алу үшін түсіндіру және ағарту жұмыстарына ерекше мән берілетінін атап өтті. Жемқорлыққа төзбеу мәдениеті балалардан бастап мектептерде, қоғамдық ұйымдарда және отбасыларда қалыптасуы қажет. Ата-аналар мен белсенді азаматтардың қатысуымен жүргізілетін тәрбие жұмыстары қоғамда адалдық пен парасаттылық құндылықтарын нығайтуға бағытталған.
Шәкәрім университеті бұл бағытта ерекше назар аударуда. Университеттің білім алушылары, профессор-оқытушылары және қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бағдарламаларға қатысады.
«Білім алушыларға «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері» пәні оқытылып, парасаттылық сағаттары өткізіледі. Бұл сағаттар адамгершілік құндылықтарды дамытуға, адал еңбекке баулуға және парасатты азамат қалыптастыруға бағытталған», – дейді Нәзигүл Ғазизова.
Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін, азаматтардың сенімін әлсірететін құбылыс. Университет қабырғасындағы әділетсіздік, плагиат немесе бағалаудағы бейтарапсыздық болашақ мамандардың кәсіби адалдыққа көзқарасына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан әділдік, ашықтық және адалдық қағидалары оқытушылар мен студенттердің адамгершілік ұстанымына тікелей байланысты.
Мемлекеттік органдар мен университеттердің бірлескен жұмысы елімізде жемқорлыққа төзбеу мәдениетін қалыптастыруға зор ықпал етеді. Шәкәрім университеті бұл бағытта өз үлесін қосып, болашақ мамандардың адал әрі батыл шешім қабылдай алатын азамат болып қалыптасуына жағдай жасауда.
#заң, #ҚР Президенті, #жемқорлық