"Тергеу жүріп жатыр": ІІМ басшысының орынбасары Бишімбаевтың ұсталуына қатысты сұраққа жауап берді
Әділет министрлігі кулуарында ІІМ басшысының орынбасары экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ұсталуына қатысты сұраққа жауап берді. Кей ақпарат көздері ол Астана қаласындағы мейрамханада әйелін өлтіру ісі бойынша ұсталғанын хабарлаған еді, деп жазады abaidan.kz тілшісі KAZ.NUR.KZ сілтеме жасап. "Ол қамауға алынды, қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Басқа ақпарат туралы пікір білдіре алмаймын. Жұмыс аясында сіздерге қосымша ақпарат беріледі. Қазір тергеу бөлімінің қызметкерлері бұл іспен айналысып жатыр. Олар сіздерге кейінірек түсініктеме береді деп ойлаймын", — деді Ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов. Сондай-ақ ол Астана полиция департаменті елорда мейрамханасындағы әйелдің өліміне қатысты ақпарат таратқанын айтты. Еске сала кетсек, кеше, 9 қарашада бірқатар БАҚ пен Telegram-дағы арналар бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың Астанада қайта ұсталғанын, елордалық мейрамханалардың бірінде әйелін өлімші етіп ұрып-соққаны туралы хабарлады. Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйел қаза тауып, жарақат алғанын растады. Күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде. Алайда полицейлер бұл іске қатысы бар адамдардың есімін атамады. Сенімді дереккөз NUR.KZ тілшісіне экс-министр Бишімбаевтың ұсталғанын растады. Оған қатысты түсініктеме алу үшін тілші Астана полиция департаментіне қайта хабарласқан, бірақ олардан жауап келген жоқ. Елорда сотындағылар тілшіге Бишімбаевқа қатысты ақпарат әлі түспегенін айтты.