Заңсыз иемделген 1,5 трлн теңгенің активтері мемлекетке қайтарылды

Заңсыз иемделген 1,5 трлн теңгенің активтері мемлекетке қайтарылды

Заңсыз иемделген 1,5 трлн теңгенің активтері мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков айтты,-деп хабарлайды abaidan.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен, жауапты мемлекеттік органдардың бірлескен күш-жігерімен заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп отыр. Өткен жылы Парламент бейінді заң қабылдады. Оның нормалары 2023 жылдың 12 қыркүйегінде толығымен күшіне енді. Яғни, соңғы 1 жыл көлемінде сол заңда белгіленген жаңа тетіктер әрекет етеді. Активтерді қайтару жөніндегі іс-қимыл заң қабылданғаннан едәуір бұрын басталған болатын. 2022 жылдың басынан еліміздің құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік, уәкілетті мемлекеттік органдардың шараларымен құны 1,5 трлн теңгедей болатын активтер қайтарылды. Бұл — қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бойынша мемлекет пайдасына өндірілген сомалар мен мүліктер және мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметі аясындағы өндірулер», — деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Комитет басшысының айтуынша, осы жылдан бастап бейінді заңда белгіленген тетіктер мен қайтару тәсілдері қолданыла бастады. 

«Бұл жұмыста активтерді заңды айналымға тарту арқылы Қазақстан халқының игілігі үшін еліміздің экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан орнықты дамуын қамтасыз ету жөніндегі заңның қабылдану мақсаттарын қатаң ұстанудамыз. Заңның негізгі қағидаттарының бірі — ол ерікті қайтаруды ынталандыру. Ерікті қайтарудың артықшылығы субъект мүлкінің бір бөлігін өзінде сақтап қала алады. Сонымен қатар азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға тікелей әсер ететін елге қажетті жобаларды іске асырады. Ең бастысы — қаражаттың Қазақстанда жұмыс істеуі, салықтың осында төленуі, жаңа жұмыс орындарының ашылуы. Сондай-ақ ерікті түрде қайтару кезінде субъект бірқатар заңда көрсетілген құқықтық мүмкіндіктер мен кепілдіктер алады. Оның ішінде жауаптылықтан да босатылуы мүмкін», — деді Нұрдәулет Сүйіндіков.


#заң, #қаржы