«Жасөспірім» республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде

«Жасөспірім» республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде

Биыл  елімізде Ішкі істер министрлігі тарапынан «Профилактика жылы: Полиция заң мен тәртіпті күзетуде» деп жарияланды. Осыған орай Өңірде «Жасөспірім» республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.

Рейдтің басты мақсаты — жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру.

- Іс-шараның алғашқы 13 күнінде облыс аумағында 425 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Әкімшілік кодекстің 127-бабы бойынша 35 ата-ана мен заңды өкілге әкімшілік іс қозғалған. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарды түнгі уақытта ойын-сауық орындарына кіргізген 8 мекеме Кодекстің 132-бабы аясында жауапкершілікке тартылды, - деді полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ернар Базаров.

Құқыққорғаушы органдарының мәліметінше, бұдан бөлек, алкоголь өнімін кәмелетке толмағандарға сату бойынша 5 дерек, жасөспірімдердің спирттік ішімдік ішуінің 11 дерегі тіркелген.

- Екі апта бұрын басталған рейдтік шараның аясында, қоғамдық орындарды ластауға қатысты да 11 құқық бұзушылық анықталған. Түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүрген 348 кәмелетке толмаған жасөспірім полиция бөлімдеріне жеткізіліп, тиісті шаралар қабылданған. Сондай-ақ, балаларды тәрбиелеу бойынша міндетін орындамағаны үшін 11 ата-ана есепке алынып, жалпы 6 кәмелетке толмаған жасөспірім ішкі істер органдарына тіркеуге алынды, - деді жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Бауыржан Садақбаев.


#Жасөспірім, #Құқықтық тәртіп