Өңірде 164 сауда субъектісіне мемлекеттік бақылау жүргізілді
Абай облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті 2025 жылы ішкі сауданы дамыту, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында департамент басшысының орынбасары Асхат Қалиев мәлімдеді. Оның айтуынша, 2026 жылдан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) тізбесі 19 атаудан 31 атауға дейін кеңейтілді. Ал сауда үстемесінің шекті мөлшері 15 пайыздан аспайтын деңгейде белгіленді. Бұл шешім инфляцияны тежеуге және делдалдық тізбектерді қысқартуға бағытталған. Жаңартылған тізбеге негізгі азық-түлік өнімдерімен қатар, қияр, қызанақ, алма, шай, қаймақ, балық, сиыр, тауық және жылқы еті, қатты ірімшік секілді тауарлар енгізілді.
Комиссия шешімдері мен азаматтардың өтініштері негізінде өңірде 164 сауда субъектісіне мемлекеттік бақылау жүргізілді. Нәтижесінде 149 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1,73 млн теңге айыппұл салынды.
– Заңбұзушылықтар негізінен Семей қаласында және бірқатар ауданда анықталды. Ең жиі тіркелген бұзушылықтар – сауда үстемесін асыру, бағаны теңгемен көрсетпеу және баға жапсырмасының болмауы. Өткен жылы департаментке 1160 өтініш келіп түсті, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 11 пайыз артық. Өтініштердің басым бөлігі бөлшек сауда, тұрмыстық қызметтер және электрондық сауда салаларына қатысты болды, – деді Асхат Қалиев.
Сондай-ақ 2025 жылы тұтынушылардың құқықтарын бұзғаны үшін 33 кәсіпкерлік субъектісіне әкімшілік іс қозғалып, 1,11 млн теңге айыппұл салынды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10 есе жоғары. Барлық айыппұл толық көлемде өндіріліп, мемлекеттік бюджетке аударылды.
#Абай облысы, #Адам құқығы, #кәсіпкерлік, #тұтынушы