Жолдау 64 қаралымabaidan.kz

Жолдау міндеттері – Абай облысында кәсіпкерлікті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу

Жолдау міндеттері – Абай облысында кәсіпкерлікті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында экономиканы дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және халықты тұрақты жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше мән берілген. Бұл міндеттер Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де маңызды басымдықтардың бірі.

Өңір экономикасының дамуына шағын және орта бизнестің қосып отырған үлесі зор. Кәсіпкерліктің өркендеуі жаңа өндіріс орындарының ашылуына, жергілікті өнім көлемінің артуына және тұрғындардың табысын көбейтуге мүмкіндік береді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың басында облыста 55 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеген. Бұл салада 106 мыңнан астам адам еңбек етеді.

Абай облысында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жеңілдетілген несие беру, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, кепілдік ұсыну және бизнес-бастамаларды гранттық қолдау тетіктері жүзеге асырылуда. Сонымен қатар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм және көлік-логистика салаларында инвестициялық жобалар қолға алынуда.

Жаңа жұмыс орындарын ашу да – Жолдауда көтерілген маңызды міндеттердің бірі. 2026 жылы Абай облысында 13 324 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Оның ішінде 9 316 адам тұрақты жұмыс орындарына орналасады деп көзделген. Әсіресе жастарды еңбекке тарту, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және әлеуметтік осал топтарға кәсіп бастауға мүмкіндік беру мәселелеріне басымдық берілуде.

Алдағы уақытта өңірде шағын өндіріс орындарын көбейту, отандық өнім өндірушілерді қолдау, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау және инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды жалғастыру маңызды. Өйткені әрбір ашылған кәсіпорын – жаңа жұмыс орны, әрбір дамыған кәсіп – өңір экономикасының өсуіне қосылған үлес.

Қорыта айтқанда, Жолдауда белгіленген міндеттерді Абай облысында жүйелі жүзеге асыру кәсіпкерлік белсенділікті арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға және тұрақты экономикалық дамуға негіз болады. Басты мақсат – тұрғындарға жұмыс тауып қана қоймай, өз кәсібін ашып, табыс табуына мүмкіндік беретін қолайлы орта қалыптастыру.

Пайдаланылған дереккөздер: