Абай облысында Бесқарағай ауданының дамуы мен мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды
Абай облыстық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында Бесқарағай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен азаматтардың мемлекеттік органдармен қарым-қатынасы қаралды. Жиынға облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Мейірлан Раханов қатысып, кеңестің маңыздылығын атап өтті.

Оның айтуынша, қоғамдық келісім – өңірдегі өзекті мәселелерді шешудің басты құралы.
– Біздің мақсатымыз – өңірдің өркендеуіне үлес қосу, халықтың әл-ауқатын жақсарту. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында еліміздің даму бағытын айқындап берді. Бұл – экономика, логистика, цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу. Президенттің бастамаларын халыққа жеткізу – ортақ міндет. Бұл жұмыста қоғамдық кеңестің белсенділігі аса маңызды, – деді Мейірлан Раханов.
Жиын барысында Бесқарағай ауданы әкімінің орынбасары Сұңғат Назаров ауданда жүзеге асырылып жатқан жобалар жайында баяндады.

2025 жылы кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бірнеше маңызды жоба жүзеге асырылады. Атап айтқанда, «Aksay Group» ЖШС жолақ күнбағысты өңдеп, қуыруға арналған зауыт құрылысын қолға алмақ.Сонымен қатар, ауданда су тарту, тұрғын үй құрылысы және жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді, алты мектепке ағымдағы жөндеу жасалды,-деді аудан әкімінің орынбасары.
Кеңес мүшелері Шошқалы (Шипалы) көліндегі туризмді дамыту, мал шаруашылығын ілгерілету және өзге де мәселелерге қызығушылық танытты. Шипалы көлінің жағалауында 2025-2026 жылдары балшықпен емдеу мен демалыс аймағы бар санаторий салу көзделуде. Құрылысқа дайындық жұмыстары басталды, алайда электр желілерін тарту және кіреберіс жол салу мәселесі әлі де шешілуді қажет етеді. Ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша да жоба әзірленген.
Кеңесте қаралған тағы бір маңызды мәселе – мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде сапа мен заңдылықтың сақталуы. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қайрат Сапарғалиев баяндама жасады.

Ол 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында мемлекеттік қызметтер көрсету барысында жиі кездесетін заңбұзушылықтарды атап өтті. Атап айтқанда, негізсіз бас тартулар мен қызмет көрсету мерзімдерінің бұзылуы көп тіркелген. Дегенмен, департамент 36 азаматтың құқығын қорғап, қалпына келтірген. Олардың қатарында жер телімдерін беру, көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау секілді маңызды мәселелер бар.
Отырыс қорытындысында қоғамдық кеңес мүшелері көтерілген мәселелер бойынша ұсыныстар мен бастамалар білдіріп, оларды алдағы жұмыста ескеру керектігін айтты.