Жолдау 76 қаралымabaidan.kz

Абай облысында әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда

Абай облысында әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда

Абай облысында Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес бірқатар ірі инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік және әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда. Өңірде жалпы құны 35 миллиард теңгені құрайтын 28 әлеуметтік нысанда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы облыс әкімі Берік Уәли өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын облыс активімен бірге тікелей эфирден көргенін атап өтті.

Жолдауда Президент келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынып, елдің барлық өңірінде азаматтық инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандар салу және қолданыстағы ғимараттарды жаңғырту қажеттігіне назар аударды.

Атап айтқанда, жолдар мен әуежайлар, вокзалдар, денсаулық сақтау мекемелері, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталықтары, шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар мен ғылыми орталықтар салу міндеті қойылды.

Берік Уәлидің айтуынша, бұл басымдықтар жаңадан құрылған Абай облысы үшін айрықша маңызды. Өңірдің орнықты дамуын қамтамасыз ету, тұрғындардың өмір сапасын арттыру және елді мекендердің инфрақұрылымын жаңарту – жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеттерінің бірі.

Қазіргі уақытта облыста бірқатар ірі инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жоба қолға алынған. Олардың қатарында «Аягөз – Бақты» теміржол желісінің құрылысы, Семей қаласындағы жаңа төрт жолақты көпір және Аягөз ауданындағы Ақтоғай мыс балқыту зауыты мен ет өңдеу кешені бар.Сонымен қатар бюджет қаражаты есебінен облыс аумағындағы 28 әлеуметтік нысанда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жобалардың жалпы құны 35 миллиард теңгені құрайды.

Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай Мемлекет басшысының қолдауымен бастау алған «Абайға құрмет» акциясы аясында Семей қаласында да бірқатар маңызды нысанның құрылысы қарқын алған. Атап айтқанда, шығармашылық орталығы, медиа орталық, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, инклюзивті спорт кешені, үстел теннисі орталығы, Жекпе-жек сарайы және Достық үйі салынуда. Бұдан бөлек, облыс орталығында алғаш рет BINOM мектебінің құрылысы басталды. Ауылдық елді мекендерде де білім беру және денсаулық сақтау нысандары, жүзу бассейндері, спорт модульдері мен дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бой көтеріп жатыр.

Облыс әкімі алдағы жылдары өңірде Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес жаңа театр, облыстық аурухана және балалар ауруханасы салынатынын жеткізді.Сондай-ақ Семей қаласындағы Шугаев пен Сәтбаев көшелерінің қиылысында жол айрығын салу жоспарланған. Ертіс өзені арқылы өтетін аспалы көпір де күрделі жөндеуден өтеді.

Берік Уәлидің пікірінше, Абай есімін иеленген өңірдің өркендеуі жаңа ғимараттар салумен ғана шектелмейді. Басты мақсат – ұлттық рухани мұраны сақтай отырып, тұрғындарға заманауи әрі қолайлы өмір сүру жағдайын жасау, жас ұрпақтың сапалы білім алуына, шығармашылықпен айналысуына және спортпен шұғылдануына мүмкіндік беру.

Облыс басшысы қолға алынған әрбір жобаны сапалы жүзеге асырып, белгіленген мерзімде аяқтаудың маңызын атап өтті. Құрылыс жұмыстарының сапасы, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы және нысандардың тұрғындар игілігіне уақытылы берілуі тұрақты бақылауда болады.

«Ел игілігіне бағытталған әрбір құрылыс – өңірдің болашағына салынған инвестиция, келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік», – деп атап өтті облыс әкімі.

Осылайша, Абай облысында инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандарды жаңғырту және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасын табады.