«Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» тас жолындағы жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын

«Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» тас жолындағы жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын

Республикалық маңызы бар «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» тас жолында жүргізіліп жатқан ауқымды жаңғырту жобасы аяқталуға таяу. Қазіргі таңда күре жолдың асфальт төсеу жұмыстары толық бітіп, абаттандыру мен соңғы әрлеу шаралары жүргізіліп жатыр. Жол көлік қозғалысы үшін ашық, нәтижесінде өңірдегі және халықаралық транзит айтарлықтай жандана түсті. Бұл туралы abaidan.kz ақпараттық агенттігі "Жол активтері сапасының Ұлттық орталығы" РМК Абай облысы бойынша филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жобаның Абай облысына тиесілі бөлігі 352 шақырымнан асады. Бұл бағыттағы құрылыс сегіз учаскеде жүргізілді. Жол бойында 22 көпір мен 300-ге жуық су өткізгіш құбыр салынды. Сонымен қатар демалыс аймақтары, елді мекендерге кіреберіс жолдар жөнделіп, жарықтандыру орнатылды.

 Жол белгілері жобалық талаптарға сай орнатылған. Камералар да жол қауіпсіздігін арттыру үшін Абай облысы бойынша тоғыз нүктеге орнатылып жатыр, – дейді “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ Абай облыстық филиалының бас маманы Серік Жұмабеков.

Жоба құны 185,8 миллиард теңге. Оның 15 пайызы республикалық бюджеттен, ал қалған бөлігі Қытай Халық Республикасының қаржысы есебінен бөлінген.

Жобаның атқарушы директоры Хан Лиси жол құрылысына қажетті қоспалар мен материалдардың сапасына ерекше мән берілгенін айтты.

– Негізгі қоспалар Германиядан әкелінді. Абай облысының климаттық ерекшеліктеріне байланысты арнайы полимерлер қолдандық. Қазір жұмыстың шамамен 2 пайызы ғана қалды. Жуық арада толық аяқтаймыз. Одан кейін екі жылдық кепілдік мерзімі қарастырылған, – деді ол.

Жол бойында қауіпсіздік инфрақұрылымы толық ретке келтірілген: тосқауыл қоршаулар, қар тоқтатқыштар, торлы қоршаулар мен жол белгілері орнатылды. Сонымен бірге кейбір елді мекендердің ішкі жолдары мен кіреберістері жобадан тыс қосымша жөнделген.

Үшбиік ауылының тұрғыны Мейірғали Қабайұлы жаңа жолдың сапасын жоғары бағалайды:

– Бұрын Семейге 6-7 сағат жүріп әрең жететінбіз. Қазір 2,5–3 сағатта барамыз. Халықтың жағдайы біршама жақсарды, – дейді ол.

“Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” филиалының инженері Жасұлан Құрманғалиев те жол сапасына оң баға берді:

– Құрылыс барысында әр кезеңде сынамалар алынып, зертханада тексеріліп отырды. Қазіргі таңда жол сапасы барлық стандарттарға сай келеді, – деді инженер.

Бүгінде тек екі учаскеде абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Ал жаңарған республикалық трасса өңірдің көлік ағынын реттеп, транзиттік әлеуетін айтарлықтай арттырды.


#жол, #ҚазАвтоЖол, #"Жол активтері сапасының ұлттық орталығы"