Аягөз ауданының әлеуеті артып келеді
Аягөз ауданының әкімі Данияр Шәкәрімов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында 2024 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, 2025 жылға арналған жоспарлармен бөлісті. Айтуынша, аудан экономикасының негізгі салалары — ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс және әлеуметтік инфрақұрылым қарқынды даму үстінде. Экономикалық көрсеткіштер жақсарған.
2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында өнеркәсіп өнімдерінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 133,3%-ға өсті. Тау-кен өндірісі — 137,7%, ауыл шаруашылығы — 101,9%, құрылыс — 102,8%, бөлшек сауда — 109,4%, көтерме сауда — 133,5%-ға артты. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында 5552 жұмыс істеп тұрған субъект тіркелген,-деді аудан әкімі.

Ауыл шаруашылығы аудандағы негізгі тірек. Аудандағы 1 487 шаруа қожалығы 122 мың ірі қара, 225 мың ұсақ мал, 76 мың жылқы өсіріп отыр. Жеке қосалқы шаруашылықтар 3100 тонна ет, 5500 тонна сүт өндірген. Биылдың өзінде 230 млн теңгеге ауылшаруашылық техникасы сатып алынып, 67 шаруашылық 5 пайыздық жеңілдетілген лизингпен қосымша техника алуға өтінім берген. Мал тұқымын асылдандыру бағдарламасы аясында шаруаларға субсидиялар берілген.
Ауданда білім мен денсаулық – басты назарда. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Аягөз қаласындағы «Қуаныш» шағынауданында 600 орындық мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Мектептің сыртқы инженерлік желілері құрылысының жобасы қолға алынып, жергілікті бюджеттен 260,3 млн.теңге қарастырылған. Сондай ақ, ұлттық жоба аясында Ақтоғай кенттік округінен 300 орындық мектеп құрылысы жоспарланған. Денсаулық сақтау саласында да ілгерілеу бар.
Ауданаралық көпсалалы орталық аурухананың жанынан 10 төсектік жансақтау бөлімін кеңейту жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар, 7 дәрігерлік амбулаторлық пункт салу іске асырылуда. Оның ішінде 4 медициналық пункт (Ақшәулі, Байқошқар, Малтүгел, Емелтау), 3 дәрігерлік амбулаторлық пункт (Ақши, Мыңбұлақ, Сарыарқа) бар. Жергілікті бюджет есебінен 249,5 млн теңгеге аталған ғимараттардың инженерлік желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде,- деді Данияр Қайырханұлы.
Сондай-ақ ауданда инфрақұрылым мен жол мәселесі шешімін табуда. 2025 жылы Аягөз қаласындағы 11 көшеге қосымша жарық бағаналары орнатылмақ. Қазіргі таңда қаладағы 109 көшенің 86-сы жарықтандырылған. Ауданға қарасты 22 ауылдық округтерде 204 көшенің 174-і жарықпен қамтамасыз етілген. Жол мәселесі де назардан тыс қалмаған. Аягөз ауданы бойынша жолдардың жалпы ұзындығы — 1160,7 шақырым. Оның 410,7 шақырымы — жергілікті маңызы бар жолдар. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Айғыз, Ақшатау, Баршатас және Тарбағатай ауылдарының жолдарына орташа жөндеу жүргізілмек. Сонымен қатар, аудандық маңызы бар 20 шақырым кірме жолдар орташа жөндеуден өтеді. Ауыз су және экол огия бағытында да шаруалар атқарылып жатыр.Аудан бойынша сумен жабдықтау желілерінің ұзындығы – 391,5 шақырым, оның 53,3%-ы тозған. Аудандағы 45 елді мекеннің 41-і (97,3%) орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қалған 4 елді мекенде (Қопа, Ай, Қорық, Байқошқар) су құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Экологиялық бағыттағы «Таза Қазақстан» жобасы аясында сенбіліктер ұйымдастырылып, аудан халқының белсенділігімен тазалық пен тәртіп сақталуда.
Аягөз ауданындағы инфрақұрылым, әлеуметтік сала және экономика бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар халықтың тұрмысын жақсартып, ауданның ертеңіне сеніммен қарауға мүмкіндік береді .