Абай ауданын Шыңғыстау деп атау ұсынылды

Абай ауданын Шыңғыстау деп атау ұсынылды

Семейде тарихи тұлға, көрнекті қоғам қайраткері, аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдығына арналған   «Құнанбай Өскенбайұлы - тарих, тұлға, феномен» атты халықаралық тарихи-тәжірибелік  конференциясы өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz агенттігі.  Конференцияға алыс және жақын шет елдерден келген қонақтар, ғалымдар мен сарапшылар, зиялы қауым өкілдері қатысты. Оның ішінде ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Ғарифолла Есім, Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Бәтташ, Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Болат Анапияұлы, жазушы, қоғам қайраткері Бейбіт Төлеубайұлы және Анкара Хажы Байрам Вели университетінің профессоры Сомунжуоғлы Бекир Түмен, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Жеменей Ислам бар. Конференцияда Ерлан Бәтташ Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры, Абай ауданын Шыңғыстау деп атауды және Ұлылар қаласы - Семей шаһарынан Құнанбай қажыға көше атауын беруді ұсынылды.

 Жиынға қатысушыларға Абай ауданының әкімі М. Смағұлов  "Құнанбайға 220 жыл" төсбелгісін тапсырды. 

Құнанбай Өскенбайұлы – қазақ тарихындағы белгілі тұлға. Қазақ халқының бас ақыны, ойшыл-философы Абайдың әкесі болғандықтан ғана емес, өзі өмір сүрген кезеңдегі қазақ даласындағы іс-әрекетімен, мінезімен, ақыл-парасатымен ерекшеленген елеулі адамдардың бірі ретінде де тарихта қалатын адам. Жасында жауырыны жерге тимеген палуан, кішігірім тартыс-таластарда найзагер, қамшыгер, дау-шарларды шешу кезінде қара қылды қақ жарған әділ би, ел басқаруда ілкімді істерімен ерекшеленген сегіз қырлы бір сырлы тұлға. Құнанбай Өскенбайұлы – 1804 жылы Шыңғыстаудың Ескітам деген жерінде дүниеге келген. Ол жасынан қажырлы, қайратты, ақыл-парасатты болып, ел билеушілерінің назарына ілініп, 1834 жылы әкесінің орнына Кішік тобықты болысының старшыны болып сайланады. Бұдан соң Қарқаралы сырт округінің аға сұлтаны болып сайланып, елі үшін жемісті қызмет етті. Құнанбайдың ел ағасы, билеуші ретіндегі ұстанымы жөнінде М. Әуезов былай деп баға берген: «Құнанбай өз тұсындағы ел билеушілердің көбінен қатал, салмақты болған, ақыл-ой да, қажыр-қайрат та, өмірді білу батылдығы да және халыққа батқан қатты кесек іс-қимылдары да оның атын көпке мәлім еткен».

Конференция аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Жеменей Исламның "«Абай мектебі және Шығыс тарихы мен әдебиетіндегі сана сезім жетекшілері" кітабының тұсаукесері өтті. Кітап  4 тілде қазақ, түрік, парсы, ағылшын тілдерінде жазылған. Еңбек Абай және Шығыс әдебиетінің рухани үндестігін зерделеп, мәдени танымдық ерекшелігін айқындаған туынды. Ғалым Абай руханиятының қалыптасуындағы Құнанбай қажының өмірі мен қызиетін Хакім Абайдың 38-қара сөзін Шығыстанымы негізінде талдап, шығармада кездесетін араб, парсы сөздерін, терминдерін, Құранның сүре-аяттарын, Хадистерін тәпсірлеп, қазақы ұғым негізінде түсіндірген.


#Семей, #Абайская область