Қазақстанның шағын қалалары мен ауылдарында тағы 1 000 мектеп жаңғыртудан өтеді

Қазақстанның шағын қалалары мен ауылдарында тағы 1 000 мектеп жаңғыртудан өтеді

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 369 мың оқушының оқу жағдайын жақсарту көзделіп жатыр.

Қазақстанның шағын қалалары мен ауылдарындағы тағы 1 000 мектеп жаңа оқу жылында жаңғыртудан өтеді, деп хабарлайды abaidan.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда мектептерді жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Жыл сайын кемінде 1000 мектеп жеті бағыт бойынша жаңғыртудан өтеді.

"Жаңғыртудың мақсаты — балалардың білім алуы мен тәрбиеленуі үшін қолайлы жағдай жасау, материалдық-техникалық базаны нығайту арқылы қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту", – делінген хабарламада.

Жаңғырту аясында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары, пәндік кабинеттермен жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, кітапханалар мен асханаларды, қауіпсіздік жағдайларын жақсарту қарастырылған.

"Осылайша, 2025–2026 оқу жылында робототехника, химия, биология, физика және STEM бағыттары бойынша 1 000-ға жуық заманауи пәндік кабинет сатып алу жоспарланып отыр. 509 мектептің кітапханасын, 375 мектептің асханасын жаңғырту, 598 мектепке күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізу, 409 мектептің жиһаздарын жаңарту жоспарланған. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 369 мың оқушының оқу жағдайын жақсарту көзделіп жатыр", – делінген хабарламада.


#школа, #Казахстан, #ремонтные работы