Қала тазалығы: тұрмыстық қалдықтарды басқару мен экологиялық бастамалар қарқын алуда
Қала аумағында тазалықты сақтау және экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында бірқатар жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде тұрмыстық қалдықтарды дұрыс басқару мәселесі өзекті болып отырғандықтан, бұл бағыттағы шаралар ерекше назарға алынып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаев айтты, -деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі.
Қала шетіндегі Семей–Қайнар автожолының 7-шақырымында орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының жалпы аумағы 69,1122 гектарды құрайды. Алайда полигонның қазіргі жағдайы экологиялық және санитарлық талаптарға толық сәйкес келмейді. Осыған байланысты жаңа ҚТҚ полигонын салу жобасы қолға алынып, оның құрылысы 2026 жылға жоспарланған. Қазіргі уақытта инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде, дегенмен нақты шешімдер әзірге қабылданған жоқ.
Бұл бастама қаланың экологиялық қауіпсіздігін күшейтіп, тұрмыстық қалдықтарды заманауи талаптарға сай өңдеу және сақтау жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Биыл қаламызда санитарлық тазалық жұмыстары ерекше қарқынмен жүргізілді. Сәуір айынан бастап аймақ басшысының бастамасымен және «Таза Қазақстан» акциясы аясында 16 жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Қоғамдық шараларға мемлекеттік мекеме қызметкерлері, еріктілер және тұрғындар белсенді қатысты.
Сенбіліктер барысында:
- 75 мың шаршы метрден астам аумақ тазартылды;
- 65 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі жойылды;
- 55 мың текше метрден астам тұрмыстық қалдықтар шығарылды.
Бұл көрсеткіштер қала тұрғындарының белсенділігі мен жауапкершілігінің артқанын көрсетеді. Қазіргі таңда да санитарлық тазалық жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр.
Экологиялық таза, жайлы әрі көрікті қала құру мақсатында көктем және күз айларында көгалдандыру науқандары ұйымдастырылды. Нәтижесінде жыл ішінде 8000-нан астам көшет отырғызылды. Бұл бастама қала экожүйесін жақсартуға, ауа сапасын көтеруге және тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған.
Көшет отырғызу жұмыстары қоғамның белсенді қатысуымен жүзеге асырылды. Бұл – қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға үлкен үлес қосатын маңызды қадам.
Қалада жүргізіліп жатқан тұрмыстық қалдықтарды басқару, рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою, көгалдандыру және санитарлық тазалық шаралары – экологиялық тұрақты орта қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыс. Алдағы жылдары жаңа ҚТҚ полигонының салынуы бұл бағыттағы жұмыстың тиімділігін арттыра түседі.
Табиғатты қорғау – баршамыздың ортақ борышымыз. Қала тұрғындарының белсенділігі мен жауапкершілігі арта берсе, жасыл әрі таза қала болашағы сөзсіз жүзеге асады.
#Семей, #Экология, #Акция" Таза Қазақстан"