Қаржы пирамидасы: Шығынға батқан азапты өмір

Қаржы пирамидасы: Шығынға батқан азапты өмір

Қаржы пирамидасы десе, көз алдыңа бірден зардап шеккен адамдар келеді. Кейінгі кезде оңай ақша табамын деп сан соғып қалғандар саны көбеймесе, азаймай отыр. Сондай адамдардың бірі – Аида Жақсыбек (аты-жөні өзгертілген). Ол бір рет емес, бірнеше рет алаяқтық схемасының құрбаны болған. Айтуынша, барлығы 2017 жылы басталған. Құрбысының айтуымен Семейде жұмыс жасап тұрған «Questra World» компаниясына 800 мың теңге несие алып, салады. Одан екі апта бойы пайызын көреді. Бұл жаңалықты естіген ұлы да несие алып, жазылады. Жарылқаушы компанияның қызығы бір аптаға ғана созылады. Осылайша, ақша желге ұшады. Мойнына несие жүктеледі. Сол компанияға шақырған достары оның пирамида болып шыққанын, өздерінің бұдан да көп қаржы жоғалтып алданғандарын айтып, ақталғандай болады. Болары болып, бояуы сіңді. Өкінгеннен не пайда? -деп қала береді. 

Біраз уақыттан кейін сол таныстары  оған тығырықтан шығатын «жаңа жол» көрсетеді. Жұмыс орнына, үйіне барып, біз сенен миллионер жасайтын болдық деп өзгеше схема көрсетеді. Айтуларынша, олар бизнеске арналған бірегей қосымша ойлап тапқан «Unnity Corporation» деген серіктестікке ақша салып, жақсы пайда көріп жүр екен. Алдыңғы пирамидаға салған кредиттерін осы компаниядан түскен ақшамен өтеген. Достарының табысын көріп, ақшадан тарығып жүрген ол, артық ақшасы болмаса да қолда бар алтын бұйымдарын 350 мың теңгеге ломбардқа өткізіп, компанияға апарып салады. Бір айдан кейін, Қазақстан бойынша пирамида болып танылған серіктестік жабылады. Басшысы сотталады. Осылайша қарызға белшеден батады. «Бастысы, бұл схемаға ақша табасың деп ешкімді шақырмағаныма қуанамын», - дейді Аида. Сөйтіп жүргенде Ресейдің «Кэшбери» компаниясы туралы естиді. Ақшадан қысылып жүргендіктен «пассивный доход» деген соң, тағы онлайн кредит алып, қарыздан құтыламын деген үмітпен компанияға салады. Алғашқы 5-6 айда пайызын көріп, қуанады.  Үстінен көбірек пайда табамын деген үмітпен тағы ақша салып, олардың шығарамыз деген өнімдерін күтіп жүргенде бұл пирамида да құлайды. Нәтижесінде барлық ақшасынан айрылады. Тек бірнеше кредит қана қалады. Осылайша таза шығынға батады. Сол кезде алған несиелерін өтеуге қаржысы жетпегендіктен, оларды төлеймін деп тағы кредит алып, қарызға кіреді. Қазірде амалсыздан пәтерін сатуға қойғанын айтып, терең күрсінді. 

Бастысы - балаларым аман болсын, өзім кінәлімін, қайтемін енді деп өзін жұбатқандай болды. Әрине, жасқа толған жанарынан өкініш пен күйзелісті байқадым. Мұңды жүзінен қажығаны көрініп-ақ тұр. Жалғызбасты ананың жеңіл жолмен оңай пайда таппақ болғанының соңы үлкен азапқа апарып соқтырғаны өкінішті, әрине. Бірақ бұған кімді кінәларсың? Алаяқтарды ма, әлде жеңіл табыс табуға шақырғандарды ма, болмаса алаяқтық схема екенін біле тұра осы қадамға барған жоғары білімді маманды ма? Әрине, сұрақ көп, жауап та солай. Міне, бұл бір ғана жанның басындағы жағдай. Осындай несиеге байланып, қарызға батып жүрген жан қаншама? Өкінішке орай, алаяқтық схемалардан зардап шеккендердің арасында зейнеткерлер, мүгедектер, көп балалы отбасылар бар. Олар соңғы жинақтарын, баспаналарын жоғалтқан. Көпшілігі инфаркт, инсультке шалдығып, тіпті кейбірі суицидке дейін барған. 

Сарапшылардың пікірінше, қаржы пирамидасынан зардап шеккендер қаржылық сауаттылық деңгейі төмен және саналы түрде тәуекелге баратын, оның құлдырауына дейін «ақша табуға» уақыт бар деп санайтын азаматтар болып екіге бөлінеді. Қаржы пирамидасы туралы айтылып та, жазылып та жүргенімен, атаулары әртүрлі компаниялар өз жұмыстарын жалғастыруда. Қымбатшылық бір жағынан қысса, несие екінші жағынан қысқан халықтың ұрынып жатқаны да осы пирамида. Себебі, аз уақытта несиелері мен қарыздарынан құтыламын деген мақсатпен барып, қолындағы барын беріп, ақырында сан сипап қалып жатады. Заман ағымына қарай қаржы пирамидалары да түрленіп келеді. Қазір қаржы пирамидалары бағалы қағаздар, зергерлік бұйымдар, туристік жолдамалар, криптовалюта сатамыз дегенді желеу етіп, жұрттың қалтасына түсіп жүр. Бұған қоса, заңды микроқаржы ұйымдары, букмекерлік кеңселер, тұтыну кооперативтері мен үлеспұлдық инвестициялық қорлардың атын жамылып жүргендері де жетерлік.

Қаржы пирамидасы - өз қаражатын салатын жаңа қатысушыларды тарту арқылы төленетін схема. Әдетте, бұл қаражат әртүрлі жобаларға, стартаптарды дамытуға немесе бағалы қағаздарды сатып алуға инвестиция салу сылтауымен тартылуы мүмкін. Алайда, пирамиданың негізін қалаушы кез-келген уақытта жұмысты тоқтатып, кірістерді төлеуден бас тарта алады. Өкінішке орай, жарналарды қайтару мүмкін емес. Ұйымдастырушылар қатысушылар енгізген жарналардан кіріс алады. Схемаға неғұрлым көп адам кірсе, ұйымдастырушының кірісі соғұрлым жоғары болады. Көбінесе компаниялар сенімділікті арттыру үшін танымал адамдарды жалдайды. Бірақ бұл пирамида құрылымы заңды болады дегенді білдірмейді. Бұған қоса ұйымдастырушылар қатысушылардың қаражатымен төленетін жарнамаға ақша салады. БАҚ пен әлеуметтік желіде пирамидалық қаржылық схемалармен байланысты тәуекелдер туралы ақпарат беріледі. Алайда, үлкен табысты ғана ойлайтын адамдар ондай ескертулерді елемей жатады.

«Пирамида термині қатысушылар санының үнемі өсуі қажет екендігімен түсіндіріледі. Оның жоғарғы жағында схеманы жарнамалайтын және кірістерді бөлу туралы шешім қабылдайтын бір немесе бірнеше ұйымдастырушы болады. Кейін қосылатындар төменгі жағында болады және аз ақша алады. Қазіргі уақытта барлық операциялар интернет арқылы жүзеге асырылады және адамдармен жеке байланыс мүлде қажет емес. Егер пирамиданың кеңсесі болса, онда әдетте компанияның қызметі туралы түсінігі жоқ бірнеше менеджерлер болады.

Заң бойынша, қаржы пирамидасының қарапайым қатысушылары қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Алайда, олар өз ақшаларын тәуекел етеді. Өйткені схема жұмысының бастапқы кезеңінде ғана кіріс пен инвестицияны қайтару мүмкіндігі бар. Қаржы пирамидасының басты мақсатының өзі пайда табу. Бұл мақсатта ұйымдастырушылар әртүрлі сылтауларды қолданып, адамдарды алдарқата алады. Мысалы: отандық және шетелдік компаниялардың инвестициясы, пайда әкелетін жобаларды қаржыландыру, жаңа технологиялар мен бұйымдарды әзірлеу деген сынды түрлі сылтау ойлап табады. Жаңа мүшелерге олардың қаражатты қалай пайдаланылатыны туралы толық ақпарат берілмейді. Қаржы пирамидасының иелеріне қатысушылардың қаражатын инвестициялаудың қажеті жоқ. Өйткені олар ақша жинау фактісінен ақша табады. Пирамида жұмысы ұйымдастырушылар пайда көргенше жалғасады. Алайда, жаңа клиенттерден алынған қаражат көлемі жоғарғы деңгейдегі қатысушыларға табыс төлеу үшін жеткіліксіз болған кезде, компания міндетті түрде жабылады.

Әдетте, пирамида басшылары бұл сәттерді алдын-ала есептейді және клиенттердің күдіктенбеуі үшін, ақшаны алып іздерін жасырады.

Құқық қорғау органдары жалпы әрбір адамның жинаған, болмаса қолда бар қаражатын Қаржы пирамидасына салмас бұрын, бірқатар сипаттамалық белгілерге назар аударғаны жөн екендігін үнемі ескертеді. Соған қарамастан, көп адамдар ұрынып жатады. Мысалы, қаржылық операцияларды жүргізу үшін, қажетті лицензиялар мен рұқсаттар болуы керек. Ал инвестициялық салада жұмыс істеу үшін, компанияның тиісті лицензиясы болуы шарт. Депозиттер бойынша кіріске тек банктер ғана кепілдік бере алады.

Ал олар банктердегі салымдар бойынша мөлшерлемеден жоғары пайыздарды уәде етіп, сендіреді. Қаржы пирамидалары ұзақ өмір сүрмейтіндіктен, ұйымдастырушылар жаңа мүшелерден тез ақша жинауға тырысады.

Оларда ақша тарту тәсілдері үнемі жетілдіріліп отырады. Сондықтан абай болу керек және қызметі туралы нақты ақпарат бере алмайтын жобаларға инвестиция салмау қажет. Пирамиданы ұйымдастырушылар жаңа мүшелерді тартқаны үшін жоғары табыс немесе басқа артықшылықтар уәде етеді. Осылайша, өз ақшаларын «тиімді жобаға» салған адамдар туыстарын, достарын және әріптестерін тарта бастайды. Сондықтан қолда бар ақшаны банкке салған жөн. Өйткені төмен пайызбен болса да, қайтарылатынына сенімді бола аласыз. Құқық қорғау органдары пирамиданы ұйымдастырушыларды тапқан жағдайда, олар қылмыстық жазаға тартылады. Бірақ, олар ешкімге ақша қайтармайды. Себебі, компанияның шоттарында тіпті ішінара соманы төлеуге ақша болмайды. Мүлікті сату мүмкін емес. Өйткені алаяқтық фирмалардың мүлкі жоқ. Кейбір жағдайларда қылмыстық схема үшін нақты ұйымдастырушылар емес, номиналды құрылтайшылар жауапты болуы мүмкін.

Алаяқтардың құрбаны болмау үшін, адамдардың қаржылық сауаттылығын арттыру маңызды. Аталмыш мәселе бойынша қазірде Үкімет жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ, «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша тұрғындырды қаржылық сауаттылыққа оқыту қолға алынды. Бұл туралы Президент өзінің биылғы Жолдауында айтқан болатын. 

Жалпы, Қазақстанда қаржы пирамидасын құрғандар қылмыстық жауапқа тартылады. Дәлірек айтқанда, Қылмыстық кодекстің 217-бабы «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету» бойынша үш жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Сонымен қатар, қаржылық пирамида қызметiн жарнамалағаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 150-бабында айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан маңдай термен тапқан қаржыға абай болған жөн.


#финансовая пирамида, #Халық банкі