Абай облыс бойынша барлық негізгі салаларда өсім байқалады

Абай облыс бойынша барлық негізгі салаларда өсім байқалады

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев жиынды көпшілікті Тәуелсіздік күнімен құттықтаудан бастады. Бұдан кейін  өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыты бойынша жыл көлемінде атқарылған істерге есеп беріп, алдағы жоспармен бөлісу мақсатында арнайы кездесіп отырғандығын жеткізді. Айтуынша, Семейді көркейтуге көңіл бөлінуде. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Барлық салада оң өзгерістер орын алып, әлеуметтік-экономикалық даму ілгерілей бастаған.

Облыс басшысының мәліметінше, 11 айда облыс бойынша барлық негізгі салаларда өсім байқалады. Құрылыста 22,8%-ға, көлік саласында 6,4%-ға, байланыс саласында 15,8%-ға артқан. Сондай-ақ 471,6 млрд. теңге инвестиция тартылған. Өсім – 5 %. Семейдің үлесіне 154,2 млрд. теңге тиесілі.  2028 жылға дейін өнеркәсіп секторында 7000 жұмыс орнын құру және 2 трлн. теңгеге  23 жоба жүзеге асыру жоспарланған.Қазіргі таңда 9,1 млрд. теңгеге 8 жоба іске асырылған. Нәтижесінде 307 жұмыс орны құрылған. Келесі жылы Семей қаласында құны 23,1 млрд. теңгеге 3 жоба іске асырылатын болады. 327 жұмыс орнын құру жоспарда бар. Ауыл шаруашылығында жалпы өнімнің көлемі 414 млрд.теңгеден асып, 7,1% - ға өскен. Агроөнеркәсіптік кешен саласын субсидиялауға 17,5 млрд. теңге бөлінген. Жалпы облыста 54 380 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Оның 57,9 % немесе 31 502-і облыс орталығында жұмыс жасайды. Бөлшек тауар айналымының көлемі 528,3 млрд. теңгені  құраған. Өсім – 12,2 %. Қаланың үлесі - 75,9 % (401,2 млрд. теңге).Әлеуметтік мәселелерді шешу үшін халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуде 11 айдың қорытындысы бойынша 107,7% өсіммен 306,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның 74,8% Семей қаласында. Жалпы ауданы 57,7 мың шаршы метр болатын тағы 15 кредиттік және жеке тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 832 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Бүгінде тұрғын үйге кезекте тұрғандар саны – 19 746 азамат, оның ішінде Семей қаласында – 14 000.

Облыс халқын 100% ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылға қарай 46 жобаны іске асыру жоспарланған. Оған шамамен 20,6 млрд. теңге жұмсалады. Биыл 33 жоба жүзеге асырылуда, 8 жоба  аяқталған. Облыс орталығында 4 сумен жабдықтау объектісі іске қосылған. Семей қаласы тұрғындарының ауыз сумен қамтылу деңгейі – 91,4 %. 

Семей қаласының инфрақұрылымының тозығы жеткені барлығына мәлім. Бұл ретте ең маңызды мәселелердің бірі – жылумен қамту. Облыс бойынша жалпы мөлшері 18,5 млрд.теңгеге 28 жоба іске асырылуда (жалпы ұзындығы - 37,9 шақырым). Ағымдағы жылы республикалық және облыстық бюджеттер есебінен осы мақсаттарға 9 млрд. теңге бөлінген. Бүгінгі таңда 17 жылу көзіндегі жұмыстар аяқталып, 27,5 шақырым жылу желілері ауыстырылды. 2025 жылы республикалық бюджет есебінен іске асырылып жатқан 4 жобаны аяқтауға және жылумен жабдықтаудың 2 жаңа жобасын бастауға 3,9 млрд. теңге көзделген.Бұдан басқа, 2023 жылдан бастап инвесторлардың қаражаты есебінен 7 жылу көздерін және 3 жылу желілерінің учаскелерін қайта құруға және салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Семей қаласының оң жағалауында 146,99 Гкал жылу энергиясы тапшылығы бар.Қаланың жылу энергиясының тапшылығын, сондай-ақ экологиялық қолайсыздығын ескеріп және қуаты аз қазандықтарды жабу мақсатында Мемлекет басшысы жаңа ЖЭО салуды тапсырды."Самұрық-Энерго" акционерлік қоғамы "Семей қаласында ЖЭО-3 құрылысы" жобасын әзірлеуді аяқтауда.

Елді алаңдататын тағы бір өзекті мәселе – жол. Сол себепті жол мәселесі облыстың экономикалық дамуының басты өзегіне айналады,-деді облыс басшысы. Айтуынша, жолдың сапасын арттыру жұмыстары жалғасуда. Тиісті қаржы да бөлінген. Биыл көлік - логистикалық инфрақұрылымды жақсартуға 13,9 млрд. теңге бағытталған.Семейдегі автокөпірді қайта жаңарту жобасы іске асырылуда. Жобаның құны 47,3 млрд теңге. Облыстың автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6,8 мың шақырым. Биыл орташа жөндеумен 15,1 млрд. теңгеге 241 шақырым жол жөнделді.

       

  Айта кету керек, Семей қаласын дамытудың бас жоспары бекітілді. Бұл елдегі цифрлық форматта жасалған алғашқы бас жоспар.

Биыл облыс орталығын абаттандыру және күтіп ұстау, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу үшін 5,6 млрд. теңге бағытталды. 62 аула мен 4 қоғамдық кеңістік жаңғыртылды.

Мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі – әлеуметтік сала ешқашан назардан тыс қалған емес. Ағымдағы жылы облыс бойынша 23 879 жұмыс орнын құру жоспарланған (16 641 тұрақты, 7 238 уақытша). Жыл басынан бері 23 377 жұмыс орны құрылды.   Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін халықтың әлеуметтік осал топтарына 299,8 млн. теңгеге 203 грант берілді. 

         Білім беру сапасы мен білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық жағдайына аса мән беріледі. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 2700 орындық 4 мектептің құрылысы жүргізілуде. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен тағы 6 шағын жинақталған мектеп және 2 700 орындық жұмыс істеп тұрған мектептерге 6 қосымша құрылыс салынатын болады. Балаларды қосымша біліммен қамтуды одан әрі арттыру мақсатында жалпы құны 11,5 млрд. теңгені құрайтын көпфункционалды Оқушылар сарайының құрылысы жүргізілуде. 

         Халық денсаулығы – өңірдің, жалпы мемлекеттің  дамуына тікелей әсер ететін негізгі көрсеткіш. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында      33 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысандарының құрылысы аяқталды. Облыстың шалғай аудандарындағы азаматтарға ыңғайлы болу үшін Үржар, Көкпекті және Ақсуат ауылдарында гемодиализ орталықтары ашылды. Жалпы, денаулық сақтау объектілерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 4 млрд. теңге бағытталды.

        Спорт – денсаулық кепілі. Спорттық инфрақұрылымды кеңейтуге басымдық беріледі. Биыл спортшыларымыз барлық деңгейдегі спорттық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, облыс мерейін асқақтатты. Облыс құрылған сәттен бастап 11 спорт нысаны пайдалануға берілді.Семейде 12,5 мың орындық стадион салу жоспарлануда. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.  Семей қаласында мәдени туризмді дамыту үшін жоғары әлеует беретін көптеген мұражайлар, ескерткіштер мен тарихи-мәдени мұра нысандары орналасқан. Кешенді жоспар аясында 2027 жылға дейін облыс бойынша 2,8 млрд. теңгеге 6 мәдениет нысанын салу жоспарланған.

Бұдан кейін облыс әкімі азаматтардың сұрақтарына жауап берді. Сұрақтардың басым көпшілігі қаладағы жол, жарық, қоғамдық көлік, қоқыс шығару мәселелерін қамтыды. Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов пен тиісті сала басшылары тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. 

Жиын соңынан кейін, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.


#Семей, #Абайская область, #Аким области Абай