Абай облысында IT-жобалар саны артып келеді
Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы мен инновациялық шешімдердің кеңінен енгізілуі жағдайында цифрлық трансформация өңірлерді дамытудың негізгі бағыттарының біріне айналып отыр. Абай облысында цифрландыру мен технологиялық дамуға ерекше көңіл бөлінуде.

Абай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған пресс-тур барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне Alikhan Bokeikhan University базасында жұмыс істейтін Abai IT-Valley технологиялық кластерінің қызметі таныстырылды.

Кластер резиденттері күн панельдерін орнату, 3D-баспа және өздерінің цифрлық өнімдерін әзірлеу секілді түрлі бағыттарда жобаларды жүзеге асыруда. Алынған білім мен дағдыларды тәжірибеде қолдануға ерекше назар аударылады. Бұл жас мамандарға сұранысқа ие технологиялық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.
Әзірлеушілер тобының тим-лиді Ақылжан Нұрланұлы жобалардың бірі — жасанды интеллект технологияларының көмегімен қазақ тілін үйренуге арналған Kazakh Learn қосымшасы туралы айтып берді.

— Kazakh Learn қосымшасы пайдаланушыларға жасанды интеллект көмегімен қазақ тілін меңгеруге мүмкіндік береді. Бұл — әр адамға жеке оқу бағдарламасын қалыптастыратын цифрлық репетитор. Алдымен жүйе қолданушының дайындық деңгейін анықтайды, содан кейін оның қызығушылықтарына қарай ең қолайлы оқу форматын ұсынады. Бағдарлама тіл үйренудің негізгі бағыттарының барлығын қамтиды: грамматикадан бастап тыңдалымға дейін, — деді Ақылжан Нұрланұлы.
Әзірлеушілердің айтуынша, мұндай оқу форматы тілді кез келген уақытта және кез келген жерде меңгеруге мүмкіндік береді. Қосымша жастар арасында ғана емес, қазақ тілін үйренуге қызығушылық танытатын және өңірге келетін шетел азаматтары арасында да сұранысқа ие болады деп күтілуде.

Технологиялық кластердің директоры Бауржан Наурызбаев команданың негізгі міндеттерінің бірі заманауи технологиялық өзгерістерге бейімделу ғана емес, сонымен қатар цифрлық саланың келешекті бағыттарын алдын ала болжай білу екенін атап өтті.
— Жүйелі жоспарлау мен талдау жұмыстарының арқасында біз жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуына алдын ала дайындалып, оқушыларымыз бен резиденттерімізге сәйкес білім беру және тәжірибелік шешімдерді ұсына алдық. Бүгінде технокластерде 30-ға жуық стартап-жоба жүзеге асырылып жатыр, ал резиденттер саны шамамен 60 адамды құрайды. Сонымен қатар біз қызмет бағыттарын кеңейтіп, инновациялық экожүйені дамытуды жалғастырып келеміз. Бұл үдерісте инвесторлардың қолдауы мен жастардың бастамашылдығы маңызды рөл атқарады, — деді Бауржан Наурызбаев.

Қазіргі уақытта кластер мамандары өздерінің антивирустық бағдарламалық қамтамасыз ету өнімін де әзірлеген. Сонымен қатар университеттің бас корпусын толықтай күн энергиясымен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Сондай-ақ мемлекеттік құрылымдармен өзара іс-қимылға ерекше көңіл бөлінеді. Abai IT-Valley технологиялық кластері Абай облысының Цифрлық технологиялар басқармасымен тығыз ынтымақтастық орнатып, өңірдің цифрлық экожүйесін дамытуға, инновациялық бастамаларды қолдауға және білікті IT-мамандар даярлауға бағытталған жобаларды бірлесіп жүзеге асыруда.
#цифровые технологии, #искусственный интеллект, #цифровизация