Бақыт Еженхан: «Қытай мұрағатында қазақ жеріне қатысты мыңдаған құжаттар бар»

Бақыт Еженхан: «Қытай мұрағатында қазақ жеріне қатысты мыңдаған құжаттар бар»

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Ә.Марғұлан атындағы Археология институты және Шәкәрім университетінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Абай облысының тарихи археологиялық мұрасы: алғашқы зерттеу нәтижелері» атты кең ауқымдағы конференция өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz агенттігі Шәкәрім университетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ғылыми маңызы өз алдына, еліміздің бай тарихы мен қазынаға толы қойнауының әлі де кешенді әрі түбегейлі зерттеуді қажет ететін өңір –Абай облысы екенін айтқан жөн. Шәкәрім университетінің ректоры – Басқарма төрағасы Думан Орынбеков атап көрсеткендей,бұл ғылыми бастама Шәкәрім университеті мен Ә. Марғұлан атындағы Археология институты арасындағы нәтижелі әріптестіктің жарқын үлгісі деуге әбден болады.

-Абай облысы – тарихы терең, мәдени қабаттары сан алуан, археологиялық ескерткіштерге аса бай өңір. Соңғы жылдары жүргізілген далалық барлау, қазба және зертханалық-талдамалық жұмыстардың нәтижесінде тың деректер алынып, көне және ортағасырлық кезеңдерге қатысты маңызды ғылыми тұжырымдар жасалуда. Бүгінгі конференция – сол ізденістердің алғашқы қорытындыларын ғылыми қауымдастық назарына ұсынатын маңызды алаң. Бағдарлама аясында археологиялық материалдарды ғылыми айналымға енгізу, цифрландыру, сақтау және интерпретациялау мәселелері кеңінен талқылануда. Біз үшін ерекше қуанышты жайт – осы жоба шеңберінде бірқатар іргелі ғылыми еңбектердің жарық көруі. Бұл еңбектер – отандық ғылымның әлеуетін айқындайтын салмақты туындылар. –деді университет басшысы конференцияның ашылуында.


«Абай облысының тарихи археологиялық мұрасы: алғашқы зерттеу нәтижелері» атты конференцияға қатысуға Қытай Халық Республикасының Нанкин университетінен шығыстанушы ғалым, тарихи ғылымдарының докторы Бақыт Еженхан да арнайы келген еді.

Университеттің тарих және археология мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттерімен кездескен ғалым Абылай хан дәуіріндегі қазақ-қытай қарым-қатынасы тақырыбында жүргізген зерттеулерін таныстырып, қызықты тың деректерімен бөлісті. Сондай-ақ әлем ғалымдарының Цинь империясы, Манчжурия территориясы, қазақ жерімен шектесуі жөнінде, саяси-әлеуметтік терминдерге қатысты әрқилы болжамдар жасайтынын тілге тиек етіп, ғалым ретіндегі өз көзқарасын білдірді.

Осы орайда Бақыт Еженханның өзімен де шағын сұхбаттасудың сәті түскен еді.

- Бүгінгі конференцияға арқау етіп отырған тақырыбыңыз жөнінде кеңірек таныстырсаңыз. Жалпы Қытай мұрағатындағы деректерді зерттеумен қай кезден бері айналысасыз?

-Алдымен айтайын, мен атажұртқа 1994 жылы келген болатынмын. Ал мынадай кең ауқымдағы зерттеулерге арада он жылдай өткенде мемлекетік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қол жеткізуге мүмкіндік туды. Яғни, 2004 жылы Шығыстану инситутында қызмет істеп жүрген едім. Мемлекеттік деңгейдегі қолдаудың нәтижесінде дер кезінде Манжу деректерін зерттеуге кірістік. Қытай тарихын зерттеу де енді-енді басталып келе жатқан болатын. Ал қазір әлемнің түрлі ғалымдары арасында ғылыми бәсекелестік қалыптасып отыр. Соған қарамастан біз де өз талдауымызды жүргізіп жатырмыз. 2004-2008 жылдар аралығында он том шамасында ғылыми еңбектер шығардық. Ал осы конференцияда тұсауы кесілетін «Абылай хан дәуіріндегі Қазақ-Цин қарым- қатынастары» атты екі томдық зерттеуім (Семей: Шәкәрім университеті, 2025 жыл) соңғы 15 жылда атқарған жұмыстарымның нәтижесі деуге болады. Мұнда бұрынғы ел білетін емес, тың құжаттар қамтылған.


- Тың құжаттарды атап өтсеңіз...

-Мәселен «Шың дәуіріндегі қазақтар туралы дәптер» деген құжат аясында 207 беттік үлкен зерттеу енгізілген. Онда 1761 жылдан 1783 жылға дейінгі қазақ елінің 16 рет жасаған елшілік миссиясы жайлы баяндалады. Осы тақырыптың аясында мыңдаған құжаттарды оқып, таныстық. Шағатай, қалмақ тіліндегі құжаттарға да талдау жүргіздік. Арасында көне карталар, миниатюра сияқты бейнелі құжаттар да бар. Сондай-ақ мұнда Абылай хан дәуіріндегі қазақ-қытай дипломатиялық қатынасына да тоқталып отырмын. Абылай ханның Цинь империясына жазған хаты бұғанға дейін қытай тілінде баяндалатын еді. Оның астарында қызық халқы Цин патшалығына бодан болып, алым салық төлеген дейтіндей баяндалады. Ал қалмақ тіліндегі түпнұсқасын зерттесек мүлдем басқаша болып шығады. Абылай хан Цин патшасына қазақ жерінің аумағын, территориялық ауқымын баяндап соны мойындау қажеттігін айтқан. 1761 жылы жазған бір хатында кейбір халық сияқты біз ығысып, көшпейміз. Қайта бұл біздің атақонысымыз. Оны тастап ешқайда кетпейміз деген. Міне, осындай зертетулерімді осы кітабыма енгізіп отырмын. Оның жарық көруіне қызығушылық танытып қолдау көрсеткен Шәкәрім университетінің басшылығына, ғалым әріптестеріме зор алғысымды айтамын.


#Семей, #Абайская область