Белгілі маркетплейс арқылы сатып алынған сапасыз тауар үшін тұтынушыға ақшасы қайтарылды
Департаментке тұтынушыдан шаңсорғышты 400 мың теңгеден астам сомаға маркетплейстер арқылы сатып алғаны туралы өтініш түсті. Бұл шаңсорғыш сапасыз болып шықты және тұтынушы бірден тауарды қайтаруды рәсімдеген. Курьер шаңсорғышты қайтарып алғанмен, кәсіпкерлік субъектісі тұтынушыға ақшаны қайтармаған. Бұл туралы Абай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Серікхан Нұртазин мәлімдеді, деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі.
Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 14-бабының 1-тармағына сәйкес, сатып алушы өзіне азық-түлікке жатпайтын тауар берілген кезден бастап он төрт күн ішінде, егер сатушы (дайындаушы) неғұрлым ұзақ мерзім жарияламаса, сатып алынған тауарды сатып алу орнында немесе сатушы (дайындаушы) хабарлаған өзге де орындарда бағасында айырма болған жағдайда сатушымен қажетті қайта есеп айырыса отырып, басқа мөлшердегі, нысандағы, габариттегі, пішіндегі, түстегі, жиынтықталымдағы және осы тәріздегі соған ұқсас тауарға не тараптардың келісімі бойынша басқа тауарға айырбастауға құқылы.
Айырбастау осы Заңның 30-бабына сәйкес жүргізіледі.
Сондай-ақ, Заңның 25-бабының 2-тармағына сәйкес, сатушы (дайындаушы) осы Заңның 30-бабының 1-тармағына сәйкес айырбастауға немесе қайтарып беруге жатпайтын тиісті сападағы азық-түлікке жатпайтын тауар туралы уақтылы хабарлауға міндетті.
Заңның 30-бабының 1-тармағына сәйкес, мыналарды:
1) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды;
2) іш киімді;
3) шұлық-ұйық бұйымдарын;
4) жануарлар мен өсімдіктерді;
5) метрлеп сатылатын тауарларды, атап айтқанда, барлық түрдегі талшықтардан жасалған маталарды, тоқыма және перделік кенеп матаны, жасанды теріні, кілем бұйымдарын, тоқыма емес материалдарды, ленталарды, шілтерді, таспаны, сымдарды, бауларды, кәбілдерді, линолеумды, багетті, пленканы, клеенканы;
6) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын қоспағанда, егер тиісті сападағы азық-түліктік емес тауар пайдаланылмаса, оның тауарлық түрі, тұтынушылық қасиеттері, пломбалары, заттаңбалары, сондай-ақ тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат сақталса, егер шартта неғұрлым ұзақ мерзім белгіленбесе, тауар сатып алынған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде сатушы (дайындаушы) оны айырбастауды немесе қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті.
Сонымен қатар, Заңның 30-бабының 2-тармағына сәйкес, тұтынушы тауардың кемшіліктерін тапқан және оны ауыстыру туралы талап қойған жағдайда, сатушы (дайындаушы) оны дереу ауыстыруға, ал сатушыға (дайындаушыға) тауардың сапасын қосымша тексеру (сараптама жасау) қажет болған кезде – тиісті талап қойылған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ауыстыруға міндетті. Тұтынушы сапаны тексеруге және тауарға сараптама жүргізуге өзі немесе өзінің өкілі арқылы қатысуға, сондай-ақ тауарды тексеруді (оның сараптамасын) өз есебінен жүргізуге құқылы.
Заңның 42-7-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, Департамент тарапынан кәсіпкерлік субъектісіне сұрау жолданды.
Департаменттің араласуынан кейін кәсіпкерлік субъектісі тұтынушыға ақша қаражатын толық көлемде қайтарды.
#право, #Абайская область, #потребитель