Қандас мәртебесі қалай тағайындалады: ереже өзгерді
Еңбек министрлігі Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту ережесіне өзгеріс енгізді, деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Kazinform сілтеме жасап. Өзгеріске сәйкес, қандас мәртебесін беру туралы өтінішті өтініш беруші «Құтты мекен» АЖ мобильді қосымшасы немесе ҚР шетелдердегі мекемесі арқылы «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесінде көрсетілген құжаттармен қоса беруіне болады.
«Қандас» ААЖ-ға өтініш берушінің өтініші тіркелгені туралы хабарланып, халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың (ЖАО) қарауына жіберіледі.
ҚР шетелдердегі мекемелері арқылы берілген өтінішті шетелдердегі мекеменің қызметкері «Қандас» ААЖ-да тіркейді және ЖАО-ға жолдайды, бұл туралы өтініш берушіге хабарланады.
ЖАО өтініш келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттар топтамасының толықтығы мен дұрыстығын тексереді.
Толық емес пакетті және қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған кезде ЖАО өтінішті қабылдаудан бас тартады. Жергілікті атқарушы орган басшысының өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы ақпараты өтініш берушіге жіберіледі.
Ішкі істер органдарының, ұлттық қауіпсіздік органдарының аумақтық бөлімшелері өтініш берушілердің құжаттар топтамасын алған күннен кейін 20 жұмыс күні ішінде ЖАО-ға оның ҚР аумағында құқық бұзушылықтар жасағаны туралы айыптаушы мәліметтерді және оның террористік немесе экстремистік ұйымдарға қатысы туралы ақпаратты жібереді.
ЖАО ішкі істер органдары мен ұлттық қауіпсіздік органдарының аумақтық бөлімшелерінен ақпарат келіп түскен күннен кейін 3 жұмыс күні ішінде комиссия қарайды (Бұрын бұл процедура 1 жұмыс күнін алды).
Комиссия өтініш келіп түскен күннен кейін 10 жұмыс күні ішінде оны қарап, мынадай шарттарды ескере отырып қандас мәртебесін беруден бас тарту не беру туралы шешім шығарады:
- ҚР Әлеуметтік кодексінің 112-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес айқындалған өңірлерге қоныстандыру үшін;
- агломерация аумақтарында және демографиялық дамуға қажеттілігі бар, даму әлеуеті бар ауылдық елді мекендерде, шағын және моноқалаларда, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларда қоныстандыру үшін;
- өтініш берушінің отбасымен немесе жақын туыстарымен қайта қауышу үшін, егер өтініш беруші тұрғын үйдің меншік иесі болмаса, туыстығын растай отырып және тұрғын үй мәселелерін өз бетінше шешу мүмкіндігімен ҚР азаматтары болатын өтініш берушінің аумағында тұрақты тұратын және өтініш берушінің тұруына нотариалды куәландырылған келісім беру үшін;
- алдын ала еңбек шартын ұсынып, тұрғын үй мәселелерін өз бетінше шешу мүмкіндігімен жұмыс берушілердің шақыруы бойынша бос жұмыс орнына жұмысқа орналасу үшін немесе этникалық қазақтар арасынан шыққан жеке кәсіпкерлер үшін;
- ҚР жоғары оқу орындарында оқитыны туралы анықтамасы бар этникалық қазақтар үшін.
Қандас мәртебесін беру немесе беруден бас тарту туралы шешімді комиссия қабылдайды және хаттамамен рәсімдейді.
Қазақстан Республикасының азаматтығын оңайлатылған тәртіппен алу мақсатында қандас мәртебесін ұзарту үшін Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алған өтініш берушілер ЖАО-ға немесе Мемлекеттік корпорацияға бұрын берілген қандас мәртебесін ұзарту туралы өтініш береді.
Мемлекеттік қызмет көрсету рәсіміне қатысты нақтылау енгізілді.
Қандас мәртебесін беруге өтінішті қабылдауды және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беруді облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының ЖАО ҚР шетелдердегі мекемелері (ҚР шегінен тыс тұратын этникалық қазақтар үшін), сондай-ақ «Электрондық үкіметтің» веб-порталы www.egov.kz. жүзеге асырады.
Қандас мәртебесін ұзартуға өтінішті қабылдауды және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беруді Мемлекеттік корпорация жүзеге асырады.
Қандас мәртебесін беру жөніндегі мемлекеттік қызмет 35 жұмыс күні ішінде, ал қандас мәртебесін ұзарту бойынша 5 жұмыс күні ішінде көрсетіледі.
Бұйрық 2024 жылғы 19 қаңтарда қолданысқа енгізіледі.
Айта кетейік, 2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 19 476 этникалық қазақ тарихи Отанына оралып, қандас мәртебесін алған. 1991 жылдан бастап республикаға 1 млн 126,5 мың этникалық қазақ оралды.