Қайрат Сатыбалдыұлы мемлекетке тағы 55,4 млрд теңге қайтарды
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдыұлының елден заңсыз шығарған ақшалай қаражаттарын қайтарды, деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Кazinform. сілтеме жасап. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да адамдарға қатысты жүргізіліп жатқан тергеп-тексеру шеңберінде елден заңсыз шығарылған активтерді, оның ішінде қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын және өзге де мүлікті қайтару жөнінде шаралар қабылдауда.
Тек биылғы желтоқсан айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қабылдаған шаралардың нәтижесінде Қ. Сатыбалдыұлының жалпы сомасы 120 млн АҚШ долларына, яғни 55,4 млрд астам теңгеге тең ақшалай қаражатты қайтаруды қамтамасыз етті.Көрсетілген қаражат мемлекетке келтірілген залалды өтеу есебіне республикалық бюджетке жіберілді», - делінген Антикордың баспасөз хабарламасында. Мәлім етілгендей, осылайша кейінгі 2 жылда бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 912 млрд теңгеден астам сомаға мүліктік активтер мен ақшалай қаражатты қайтару қамтамасыз етілген. Олардың қатарында әкімшілік ғимараттар, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, зәулім үйлер, пәтерлер мен автомобильдер, акциялар мен компаниялардағы үлестер, теміржол тораптары мен ақша қаражаттары, соның ішінде шетелден алынған қаражаттар бар.
Еске салсақ, былтыр Қайрат Сатыбалдыға сот үкімі шығып, ол 6 жылға сотталды.
«Қазақтелеком» және «Көліктік сервис орталығы» компанияларының қаражатын жымқырды деген айыппен бас бостандығынан айырылған Қайрат Сатыбалды жазасын Шығыс Қазақстан облысында өтеп жатыр. Биылғы желтоқсанда өзін мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтініш жолдады.