Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өз мәнінде аталып жүр ме?

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өз мәнінде аталып жүр ме?

Елімізде 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні 1997 жылдан бері аталып өтіледі.  Алайда осы күннің маңызы туралы айта алып жүрміз бе?  Атаулы күні Семейліктер Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов пен «Ұстаз бен шәкірт» ескерткіштерінің маңына жиналып, гүл қойды. 

Бүгінгі жиынның басталғаннан аяқталуы тез болды. Жүргізуші 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні екенін айтып, бір минут үнсіздік жариялады. Соңынан ескерткішке гүл қою керектігін айтты.  31 мамырдың маңыздылығы туралы,  Әлихан Бөкейханов туралы тіс жармады.  Жиналғандар қыпылықтап бір ауыз сөз айтпады ғой деп, бір-бірінен сұрап жатты.

«АБАЙ ОБЛЫСЫ ЖЕЛТОҚСАН -86» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Бақыт Орақбаев :

 «Бір кем дүние... жалтақтаумен өткен өмір. Белгісіз солдаттың басында да қандай соғыста қаза тапқанын айтады ғой. Мынау қандай жиын болды? Бүгін саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алатын күннің маңыздылығы туралы, зұлмат заманда зардап шеккендер мен мерт болғандар туралы айтпағанда қашан айтамыз? Тым болмағанда гүл қойған ескерткіштердің тарихына тоқталу керек еді. Әрине, барлығын түсінеміз. Биыл су тасқынынан еліміз орасан зор зардап шекті. Той тойлап жатқан жоқпыз. Бірақ бұл еске алу жиыны ғой. Сол кездегі солақай жүйенің салдарынан зардап шеккен халықтың көз жасы мен төгілген қаны туралы жиналған жастарға неге айтпасқа? Бір-екі ауыз тарихқа тоқтала кетсе, артық болмас еді. Жай күндері Алаштың астанасымыз дегенде сондаймыз. Тағлымы мол күн туралы жарытып бір сөз айтпағанымыз өкінішті. Тіпті қалада мұндай шараның өтетінін өзіміз сұрап білдік. Әтпесе, қатыса да алмаушы едік», -деп ойын жеткізді. 

Жалпы тарихшылар дерегіне жүгінер болсақ 1921-1954 ші жылдары жалған жаламен 100 мыңнан астам адам сотталып оның 30 мыңдайы кейін атылып кеткен. Тек қана 1931-1933 жылдары әдейі қолдан ұйымдастырылған ашаршылық салдарынан 2 миллионға жуық қазақ құрбан болған. Қиындыққа төзбеген бір миллоннан астам қазақ шетелдерге қашуға мәжбүр болды. Бұл сол кездегі барлық қазақтың тең жарымынан астамы еді. Кеңестік тоталитаризмнің зұлым саясатынан миллиондаған адам саяси қуғын-сүргінге ұшырап, тұтас халықтар қудалауға түскен. 

Басты мақсат - қазақ халқының тарихындағы қасіретті кезеңде солақай саясаттың құрбаны болған қазақ халқының зиялылары мен ашаршылық құрбандарын еске алып, рухтарына тағзым ету. Олар туралы жастарға мағлұмат беру, есімдерін құрметтеуге, ұмытпауға тәрбиелеу. Шараға келген ел ағалары тарапынан де ұрпаққа бұл күннің тарихи мәні ұқтыратын ешкім табылмағаны да көңілге қаяу түсірді.


#Семей, #Абайская область