«Тау-кен өндірісі»: елді мекендерді тұрғызып, соларды қайтадан қиратып жатқан жоқ па?
Қала құраушы кәсіпорын қысқарып немесе мүлде жабылып қалған кезде тұрғындардың ертеңі не болмақ? Бұл туралы tobolinfo.kz сілтеме жасап, abaidan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Арқалық индустриалдық өрлеудің символы ретінде кең далада бой көтерді: шахталар ашылып, жұмыс орындары құрылды, отбасылар қоныстанып, мектептер мен ауруханалар салынды. Алайда боксит қоры сарқылғанда, қала ең басты тірегінен – жұмыстан айырылды. Осындай құбылыс Жаңаөзенде де байқалады: мұнай әлі күнге дейін мыңдаған адамның нәпақасын қамтамасыз еткенімен, әлеуметтік толқулар мұндай біржақты тәуелділіктің әлсіздігін анық көрсетті.
Бұл қалалардың тағдыры – айқын ескерту: егер экономика тек жер қойнауына негізделсе, онымен бірге тұтас бір қаланың тағдыры да қоса құлдырауы мүмкін.
ӨРКЕНДЕУДЕН ҚҰЛДЫРАУҒА ДЕЙІН
Даланың төсінде қатар-қатар тігілген үйлер, шахталар мен кеніштерден көтерілген шаң, көкке шаншылған мұржалар – XX ғасырдағы қалалардың қалыпты көрінісі еді. Ол кезде елді мекендер тұрғын үйлермен, мектептермен, ауруханалармен және түрлі инфрақұрылыммен бірге салынып отырды. Бірақ Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін көптеген қалалар жаңа жағдайға тап болды: нарық ережелері өзгерді, орталықтан бөлінетін дотациялар тоқтады, ал жер қойнауындағы қорлар шексіз болмай шықты.

Бұрынғы кен басқармасының ғимараты қала балансына тегін берілді
Арқалық – осындай тағдырлы тәжірибенің бір мысалы. Бұл қалада да, посткеңестік кеңістіктегі жүздеген басқа нүктелерде сияқты, кеніш тек жұмыс беріп қана қойған жоқ, қаланың өзін өмірге әкелді. Бірақ жер қойнауына тәуелді қала тұрақсыз болып шықты: кен қоры сарқылған соң, оның тіршілік мәні де өзгерді.
Қаланың тарихына көз жүгіртсек, Арқалықтың пайда болуы соғыстан кейінгі жылдармен байланысты. 1948 жылы далада бокситтің – алюминий өндірісіне қажет негізгі шикізаттың – ірі қорлары табылды. Аз уақыттан кейін мұнда геологтар ауылы бой көтерді, ал 1956 жылы қала құрылысы басталды. Кеніштерді игеру үшін қала ғана емес, оған апаратын жолдар да салынды. Бар-жоғы он екі жылдан соң Торғай кеніштерін игеру бүкілодақтық комсомол құрылысы деп жарияланып, далаға жас құрылысшылардың алғашқы легі келе бастады.

Қаланы қолдау үшін мемлекеттік бағдарлама аясында бірнеше кәсіпорын ашылды
«Қазақстан алюминийі» АҚ-на қарасты Торғай боксит кен басқармасы (ТБРУ) Арқалық қаласының негізін қалаушы кәсіпорынға айналды. 1960-1970 жылдары басқарма КСРО боксит қорының 20%-ына дейін өндіріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берді.
60 жылдан астам уақыт ішінде ТБРУ 1,5 млрд м³ тау жынысын өңдеп, 80 млн тоннадан аса боксит пен 20 млн тоннаға жуық отқа төзімді саз балшық өндірді. Алайда 1990 жылдары жағдай күрт өзгерді. Экономикалық дағдарыс, инвестиция тапшылығы мен өндірістік шығындардың өсуі кәсіпорынның қуатын айтарлықтай қысқартуға мәжбүр етті. Соның салдарынан өндірістік инфрақұрылым құлдырап, жұмыссыздық көбейді, тұрғындар жаппай қала көшіп кете бастады. Егер 1989 жылы Арқалықта 62–63 мың адам тұрса, онжылдық соңына қарай халық саны 46-50 мыңға дейін азайды.

Бокситті ашық әдіспен – карьерлерде өндірген
2017 жылы боксит қоры толық сарқылып, қала құраушы кәсіпорынды жабу туралы шешім қабылданды. Бұл процесс екі жылға созылды.
— 2019 жылы ТБРУ ресми түрде жұмысын тоқтатты. Кәсіпорынның жабылуы игеріліп жатқан кен орындарындағы экономикалық тұрғыдан тиімді қорлардың таусылуымен, өндірістің рентабельділігінің төмендеуімен және шығындардың артуымен байланысты болды. Жабылған кезде кәсіпорынның мемлекетке де, жұмысшылар алдында да айтарлықтай қарызы болған жоқ. Дегенмен жабдықтардың ескіруі мен пайдалану шығындарының өсуі сияқты экономикалық қиындықтар сақталды, – деп мәлімдеді Арқалық әкімдігі.
ТБРУ-дың жабылуы Арқалықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына айтарлықтай әсер етті.
ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ
Жабылған кәсіпорын Арқалықты үш жағынан қоршаған қызғылт түсті карьерлерді ғана емес, сонымен қатар онда жұмыс істеген жүздеген адамның да тағдырын анықтады. Нәтижесінде қалада жұмыссыздық өсті, ал халықтың көшіп кету қарқыны қайта күшейді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы Арқалықтың халқы 26 мың адамға жетіп отыр, әрі бұл көрсеткіш жылдан-жылға төмендеуде. Салыстырмалы түрде айтсақ, кәсіпорын жабылған кезде қала халқы шамамен 28 мың болса, соның ішінде еңбекке қабілетті тұрғындар саны 17 мың шамасында еді.

Кәсіпорын жабылғаннан кейін карьерлердің аз ғана бөлігі рекультивациядан өтті
Қала әкімдігінің дерегінше, өндіріс тоқтаған соң шамамен 680 адам, соның ішінде негізгі және қосалқы жұмысшылар қысқартуға ұшырады. Бұл еңбекке жарамды әрбір жиырма бесінші тұрғын жұмыссыз қалды деген сөз. Сол сияқты әрбір жиырма бесінші отбасы негізгі табыс көзінен айырылды. Баламалы жұмыс орындары жоқ моноқала үшін бұл өте ауыр әлеуметтік-экономикалық соққы болды.
Арқалық әкімдігінің мәліметінше, кәсіпорын жабылғаннан кейін мемлекет бос қалған жұмысшыларды еңбекке орналастыру үшін бірқатар белсенді шараларды жүзеге асырды (инфографика 1). Ресми деректер бойынша:
- Шамамен 180 адамаймақтың өзге кәсіпорындарына жұмысқа орналастырылды. Олардың ішінде коммуналдық қызмет, құрылыс және ауыл шаруашылығы салалары бар.
- 67 адам«Еңбек» бағдарламасы арқылы сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта даярлау курстарына жіберілді.
- Төменгі есеппен 50 адамөзін-өзі жұмыспен қамтуға бағытталған бастамаларға қатысып, жеке кәсіп ашуға немесе гранттық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік алды.
Ал осы уақытта 100-ден астам адам басқа қалалардан өз бетінше жұмыс іздеуге мәжбүр болды.
— Қолда бар деректерге сәйкес, ТБРУ-дың 120-дан астам бұрынғы қызметкері қазір Қазақстанның басқа өңірлерінде, негізінен Қарағанды, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында тау-кен және мұнай-газ салаларындағы кәсіпорындарда вахталық әдіспен жұмыс істеп жүр, – деп хабарлады Арқалық әкімдігі.

Инфографика 1. ТБРУ жабылғаннан кейін жұмыспен қамтылғандар
Алайда әлі де шамамен 200 адамның тағдыры анықталмаған. Олардың бір бөлігі басқа өңірге қоныс аударған болуы ықтимал, ал кейбірі жасына немесе денсаулығына байланысты осы аралықта зейнетке шыққан болуы мүмкін.
—Мемлекет пен жұмыс беруші тарапынан да түрлі қолдау шаралары жүзеге асырылды. Атап айтқанда, еңбек заңнамасына сәйкес өтемақы төленді, Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлемдер берілді, азаматтарға жаңа мамандықтарға (автокран машинисі, электр дәнекерлеуші, аспаз және т.б.) оқыту мүмкіндігі ұсынылды. Сондай-ақ басқа өңірлерге көшуге қатысты кеңестер беріліп, ішкі көші-қон тетігі арқылы қолдау көрсетілді, – деп хабарлады Арқалық қаласының Жұмыспен қамту орталығы.
Сонымен қатар, ТБРУ базасында жаңа кәсіпорындар құрылып, олардың өндірістік бағыты бұрынғысынан өзгеше болды. Бұл бастаманы «Қазақстан алюминийі» АҚ (ERG – Еуразиялық топ құрамына кіреді) қолдады.

ТБРУ жабылғаннан кейін 650-ден астам адам жұмыссыз қалды
ERG деректеріне сүйенсек, 2020 жылы қызметкерлер арасында олардың болашақтағы жұмысқа орналасу жоспары мен күтулерін анықтау мақсатында сауалнама жүргізілген. Нәтижесінде жұмысшыларға «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында қайта даярлау курстарынан өту және кәсіпкерлік негіздерін меңгеру ұсынылды. «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп жүзеге асқан бұл жоба нақты нәтижелерге жеткізді: ТБРУ-дың бұрынғы қызметкері Виктор Суровцев «ARQALYQREMSERVICE» ЖШС атты жөндеу кәсіпорнын ашып, онда өзінің бұрынғы 87 әріптесін жұмыспен қамтыды.
Кәсіпорын 5 жылдан бері жұмысын жалғастырып келеді. Ангарларда кеншілер жұмыс істеген сол станоктар әлі де тұр. Айтпақшы, сол кеншілердің көбі осында қалды, соңғы жылдары оларға ТБРУ-мен байланысты емес басқа жұмысшылар да қосылды. Тіпті негізгі цех қабырғасының сыртында да бұрынғы кәсіпорынның ізі көрінеді – естелік үшін сақталған кеңестік жазулар, техникадағы қашалған таңбалар мен экскаватор бөлшектері.

Виктор Суровцев: «Бізді мұрагер деуге болмайды, бізде басқа бағыт бар, бірақ ТБРУ-дың көптеген жұмысшылары қазір бізде еңбек етеді»
— Бұл жұмыс орындарын сақтап қалу бағдарламасы болды, соның арқасында адамдар еңбекпен қамтылды. Сол жылы бізге инвесторлар келді, олардың қолдауымен өндірісті кеңейту бағдарламасы аясында асфальт зауыты салынып жатыр. Облыс әкімдігі мен қала қолдауымен 1% несие берілді, — дейді Суровцев.
Сондай-ақ инвесторлар шағал карьерін де сатып алып, оны асфальт зауытымен қатар іске қосты. Қазіргі уақытта «ARQALYQREMSERVICE» ЖШС қалада бірқатар жұмыстар атқарып жатыр. Асфальт зауытының арқасында жол жөндеу жұмыстары басталды (мәлімет үшін: соңғы екі жылда Арқалықта жергілікті мердігердің күшімен 10-нан астам көше асфальтталды). Сонымен бірге шағал өндіру және өңдеу, токарьлық жұмыстар, жүк вагондарын жөндеу, көмір тасымалы үшін тепловоздық жұмыстар да жүргізілуде. Қызығы, кейбір ТБРУ жұмысшылары жұмыс орнын ауыстырғанымен, мамандықтарын өзгертпеді.

«ARQALYQREMSERVICE» ЖШС-дегі станоктардың басым бөлігі кен басқармасы жабылғаннан кейін осында әкелінді
— Мен темір ұстасы болып 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін. Кен басқармасы жабылғаннан кейін осында келдім. Қазір бәрі жақсы, дегенмен қиындықтар болды, мысалы жалақы кешіктірілген кездер, қазір ол мәселе шешілді, – дейді кәсіпорын қызметкері Василий Шелудько.
Айтпақшы, Арқалықтағы кен басқармасына тиесілі өзге қалдықтар мәселесі де түбегейлі шешілді. Қаладағы ТБРУ ғимараты Мемлекеттік мүлік қорының балансына өткізіліп, бүгінде жылжымайтын мүлік ретінде саудаға қойылды.
Теміржол маңындағы бау-бақша учаскелерінде жатқан ескі рельстер алынып, бір бөлігі коммуналдық кәсіпорынның инфрақұрылымына пайдалануға берілді, қалғаны конкурс арқылы металл сынығы ретінде сатылды. Ал қаланың қай нүктесінен де төбесі көрінетін алып экскаваторлар бөлшектелді: техниканың бір бөлігі саудаға шығарылса, қалғаны консервацияланды. Осылайша Арқалықты алпыс жылдан астам уақыт бойы асырап келген қала құраушы кәсіпорыннан бүгінде дерлік ешқандай белгі қалған жоқ.
ДЕНСАУЛЫҚҚА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТТІ?
Аймақтағы боксит кендері шөгінді жыныстардың жоғарғы қабатында қабаттасып орналасқан. Оларды ашық әдіспен (карьерлік тәсілмен) өндірген. Бұл әдіс салыстырмалы түрде жеңіл болғанымен, артында үлкен үйінділер мен өзгерген табиғи ландшафт қалдырды. Енді ойлансақ, ашық әдістің тағы қандай экологиялық және әлеуметтік салдары болуы мүмкін? Жергілікті тұрғындардың бәрі мойындайды: боксит өндірісі талай жылдар бойы қаланың өңін қызыл түске бояды, ал сол шаң әлі күнге дейін көшелерде тарап жүреді.
— Бұрын біз теміржол вокзалының жанында тұрдық. Ол жерге әр жақтан кен тасылып, алдын ала өңделіп, кейін вагондарға тиеліп зауытқа жөнелтілетін. Сол себепті айналамыз түгелдей қызарып кететін. Көшеге, тіпті балконға жуылған кірді ілу мүмкін емес еді: іліп қоясың, шешкенде қып-қызыл боп шығады. Торғайлар да қызылданып жүретін, сірә жердегі шаңға қанаттарын сүртіп, солай боялатын болса керек. Тіпті вокзал ғимаратының өзі уақыт өте қызғылт тартып кетті, ал бастапқыда сарғыш-ақшыл түсті еді, – дейді қала тұрғыны Сауле Қуанышбек.
Боксит шаңының көп мөлшерде таралып, айналаға жабысып қалуының адам денсаулығына зиян келтіретіні айтпаса да түсінікті. Өкінішке қарай, бұл мәселе бойынша толыққанды ғылыми зерттеулер жүргізілмеген. Соған қарамастан, кейбір арқалықтықтар көптеген аурулардың түп-төркіні карьер маңындағы өмір салтымен байланысты деп санайды. Қала тұрғындары арасында онкологиялық және тыныс алу жолдары ауруларының даму деңгейі боксит өндірісімен тікелей байланысты ма деген сұраққа қатысты ресми деректер жоқ. Оның үстіне мұндай зерттеу жүргізудің өзі оңай емес – себебі Арқалықтың өсуі мен дамуы тікелей боксит өндірісімен байланысты, ал өндіріс тарихы 60 жылдан астам уақытты қамтиды.
— Қолда нақты зерттеулер болмаған соң, бұл тақырыпта нақты пікір айту қиын. Қаланың бүгінгі тұрғындарының өткені кен өндірумен байланысты – біреу өзі жұмыс істеді, біреудің ата-анасы еңбек етті. Бірақ ол шаңды бәрі де жылдар бойы жұтты. Жалғыз амал – Арқалықтағы сырқаттану деңгейін өзге қалалармен салыстыру. Бірақ тағы да ескеру керек – зиянды өндіріс пен ауыр жұмыс барлығы тау-кен кәсіпорындарына тән, сондықтан бір жақты қарауға болмайды. Мұнда қаржылық та, ғылыми да үлкен инвестициялар қажет, – дейді елордадан эколог Сәкен Ахметқалиев.
Ал біз қазірдің өзінде бар ғылыми зерттеулерге сүйене аламыз. Қазақстандық және ресейлік ғалымдар Б.А.Есенбаев, А.С.Колесников, А.С.Наукенова, О.В.Ерёменко және Г.А.Исенғалиева жүргізген жұмыстар бар. Олар 2025 жылы «Горный информационно-аналитический бюллетень» журналында «Қазақстандағы боксит өндірудің салдарын экологиялық бағалау» атты мақаласын жариялады. Ғалымдардың пікірінше, көпжылдық боксит өндіру нәтижесінде көлемді бейқұнды үйінділер түзілді, олар елеулі экологиялық проблемалардың көзіне айналды. Бұл үйінділерде қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына теріс әсер ететін зиянды химиялық қосылыстар бар. Үйінділердің жанында тұратын адамдар қолайсыз жағдайға тап болып отыр, сондықтан рекультивация жасап, экологиялық салдарды азайту шараларын қабылдау қажет. Жылдар өте пайдалануға жарамсыз жыныстардан құралған үйінділер боксит өндірілетін өңірлердегі ең өткір экологиялық қатерлердің біріне айналуда. Сонымен қатар ғалымдар өз еңбектерінде Арқалық маңындағы үйінділердегі химиялық элементтердің құрамына қатысты Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректерін келтіреді (Инфографика 2).

Инфографика 2. Торғай боксит кен басқармасының боксит өндіру қалдықтарының құрамы
Анықтай түсейік, Арқалықтағы боксит өндірісінің үйінділері негізінен алюминий, темір және кремний оксидтерінен тұрады. Бұлар өз алдына аса қауіпті емес, алайда шаң түрінде тарағанда өкпеге зиянын тигізеді. Едәуір қатерлісі – ауыр металдар, сынап пен мышьяк қоспалары. Олардың қалдықтардағы мөлшері санитарлық нормадан әлдеқайда жоғары, сондықтан адам денсаулығы мен экологияға ең үлкен қауіп төндіреді.
Арқалық билігінің мәліметінше, қалада карьерлерді ішінара рекультивациялау жұмыстары жүргізілген. Бірақ олардың көп бөлігі әлі де ашық күйінде жатыр. Оның үстіне, шұңқырларына жауын суы мен шайынды су жиналып, жергілікті тұрғындардың шомылатын орнына айналған. Кейбір тұрғындар ол суды бау-бақшаны суаруға да пайдаланады. Алайда мұндай судың қаншалықты қауіпсіз екендігі әзірге ашық сұрақ күйінде қалып отыр.
ЖЕР ҚОЙНАУЫНА ТӘУЕЛДІЛІК
Қаланы асыраған кәсіпорынның жабылуы – сирек кездесетін жағдай емес. Елдің түкпір-түкпірінде ондай ондаған мысал бар. Мәселен, Жезқазған қаласы Қарағанды облысындағы 8 моноқаланың бірі болып саналады. Қаланың даму әлеуеті орташа деңгейде бағаланады. Жезқазған ірі мыс кен орындары мен мыс балқыту комбинатының айналасында бой көтерді. Қала ресми түрде 1954 жылдың 20 желтоқсанында жұмысшы кенті – Үлкен Жезқазған негізінде құрылған. Ал 1943 жылдан бастап мұнда Жезқазған мыс балқыту комбинаты жұмыс істеп тұрған еді. 1958 жылы ол «Қазтүстімет» құрамына біріктірілді. 1995 жылы комбинат «Қазақмыс» корпорациясына (қазіргі KAZ Minerals) өтті. Осылайша, Жезқазған экономикасы тарихи тұрғыда толығымен мыс өндіру мен өңдеуге тәуелді болды.

Жезқазған. Көрнекі фото: gov.kz
Арқалықтағыдай, Жезқазғанның да құлдырау себебі – кен қорының сарқылуы және экономиканың монотармақты сипаты. 1990-жылдардан бері кен өндіру көлемі біртіндеп азайды (мысалы, 28 млн тоннадан 2013 жылы 19 млн тоннаға дейін, оның өзінде мыстың үлесі екі есеге төмендеді). Қала ұзақ уақыт бойы бір ғана «өндірушіге» тәуелді болды: еңбекке қабілетті халықтың шамамен 20%-ы «Қазақмыс» компанияларында жұмыс істеді. Ал өндірістің қысқаруы – бұл жұмыссыздық қаупі мен халық табысының төмендеуі.
Өндірістік мұра экологиялық жағдайды да едәуір нашарлатты. Қоғамдық сараптама деректеріне сәйкес, Жезқазғанның ауасы «өте ластанған». Шығарындылардан күкірт диоксиді, көміртек оксиді, азот диоксиді, фенол, күкіртті сутек және басқа зиянды заттар табылған. Бұл мәселелерді шешу үшін ондаған миллиард теңге бөлініп, шығарындыларды азайтуға бағытталған бағдарламалар іске қосылды. Бірақ олар бұрыннан келген зиянды жоя алмайды, тек болашақтағы зардаптарды болдырмауға көмектеседі.

Жезқазған. Көрнекі фото: gov.kz
2022 жылдың соңындағы мәліметке сүйенсек, Жезқазғанда шамамен 90 мың адам тұрады, оның ішінде 43 мыңы – еңбекке қабілетті. Ресми жұмыссыздық деңгейі – 4,7%.
— Бәрі бірдей ауыр әрі зиянды өндіріске барғысы келмейді. Иә, бұл жұмыс жақсы табыс әкелуі мүмкін, бірақ оның адамдарға, денсаулығына қалай әсер ететінін көрдім. Бұған тұрарлық емес. Барлық жастар көшіп жатыр деп айта алмаймын, бірақ мұндай жағдай жиі кездеседі. Жұмыс орындары бар, бірақ үлкен тәжірибені талап етеді. Өзім де әкем сияқты шахтаға бармас едім. Ол да кеңес бермейді. Әкем әлдеқашан зейнетке шыққан, бірақ мүгедектік бойынша, жылдар бойы жұмыс істеп жүріп денсаулығын жоғалтты, – дейді материал кейіпкері Әлібек Әскеров (аты-жөні өзгертілді).
Айтпақшы, Жезқазған Арқалыққа қарағанда көбірек жолы болды. Мұнда қала құраушы кәсіпорындар әлі де жұмыс істеп тұр, әрі билік 10 жылдан астам уақыт бойы қаланы дамыту жобаларын жүзеге асырып келеді. Тағы бір мысал – мұнайшылар қаласы Жаңаөзен (Маңғыстау облысы).

Жаңаөзен. Көрнекі фото: gov.kz
Бұл қаланың атауы жиі жаңалықтардан көрініп, әділет үшін күрестің символына айналды десе де болады. Өйткені жаңаөзендіктерді алаңдататын басты мәселе – жұмыссыздық және мұнай қоры таусылғанда олардың болашағы не болмақ?

Жаңаөзен. Көрнекі фото: gov.kz
Қала мұнай кен орнының негізінде салынған, алғашқы жылдары онда тек жұмысшылардың отбасылары тұрған. Мұнай өндіру 1965 жылы басталып, 1968 жылы жылына 5,5 млн тоннаға жеткен. Халық саны арта бастады, ал мұнай өндіруші компаниялар барлық тұрғындарды жұмыспен қамти алмады. Қалада бірнеше мемлекеттік бағдарлама іске асырылып жатыр, алайда төмен жалақы мен жұмыссыздық мәселесі әлі де өткір күйінде қалып отыр.
Жаңаөзеннің тағдыры Арқалықтың кебін киюі мүмкін бе? Оны тек уақыт көрсетеді.
МОНОҚАЛАЛАР ТАҒДЫРЫ
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, биылғы жылы елімізде ресми түрде 20 моноқала бар. Айта кету керек, соңғы он жыл ішінде олардың саны азайды: 2013 жылы 27 моноқала болған.
Моноқалаларды шартты түрде бірнеше топқа бөлуге болады. Өнеркәсіптік орталық болып табылатын қалалар:
- кен өндіру өнеркәсібі басым дамыған 15 қала: көмір өндіру — Абай, Шахтинск, Екібастұз; мұнай-газ өндіру — Аксай, Құлсары, Жаңаөзен; металл кендерін өндіру — Балқаш, Алтай, Қаражал, Кентау, Лисаков, Риддер, Рудный, Хромтау; басқа да шикізат түрлерін өндіру — Жітіқара;
- өңдеу өнеркәсібі басым дамыған 4 қала: машина жасау, металлургия өнеркәсібі (алтын), уран өндірісі — Степногорск; металлургия өнеркәсібі — Ақсу, Сәтбаев, Теміртау;
- ғылыми-өндірістік орталық — Курчатов.
Жезқазған тәжірибесіне қарасақ, кейбір моноқалалардың әлі талай жыл бойы өміршең болып қала беретіні байқалады. Ал Арқалық сияқты қалаларда жер қойнауының қоры сарқылып, қала құраушы кәсіпорындардың жабылу қаупі бар. Дегенмен, Арқалыққа күтпеген жерден жаңа мүмкіндік туындады – ол аймақтағы автокөлік жолдарын дамыту жобасына байланысты инвестиция тарту әлеуеті.
Қазір «Орталық – Батыс» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы тікелей Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне шығуды мақсат етеді. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, бастама – Президент тапсырмасы аясында қолға алынған. Жаңа жол 500 шақырымға дейінгі арақашықтықты қысқартып, Қостанай облысының шалғай аудандарының оқшаулану мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, батыс өңірлерден ағылатын көлік ағыны Арқалық арқылы тікелей Астанаға бағытталады.
Моноқалалар – бұл тек тарихи мәселе емес, ол жүйелі әлеуметтік-экономикалық осалдықтың көрінісі. Сондықтан саясат пен қоғамдық талқылауда маңызды сұрақтар туындайды: біз «бір қожайынға» тәуелділіктен бас тартып, мұндай қалалардың болашақтағы жұмыспен қамтылуы мен экологиясына жүйелі түрде инвестиция салуға дайынбыз ба? Арқалық арқылы өтетін жол секілді инфрақұрылымдық «сыйлықты» уақытша демеу емес, тұрақты экономикалық мүмкіндіктерге айналдыра аламыз ба? Ал зиянды өндірісте жылдар бойы еңбек еткендердің денсаулығы мен өмір сапасына кім жауапты? Бұл сұрақтарға дайын жауап жоқ. Бірақ олар шешілмейінше, тұтас қалалардың тағдыры кездейсоқ жобаларға немесе уақытылы әрі сауатты жүргізілген әртараптандыру мен экологиялық қалпына келтіру шараларына ғана тәуелді болып қала береді.
Бұл жарияланымды Internews жүзеге асырып жатқан «Шынайы әңгімелер көмегімен аудиторияның төзімділігін арттыру (CARAVAN)» жобасы аясында Еуропалық Одақ қаржыландырады. Оның мазмұнына тек қана «ТоболИнфо» жауапты және міндетті түрде Еуропалық Одақ пен Internews көзқарасын білдірмейді.
Аяжан СЕРIК, Александра ГОЛОВКО,
суреттерді түсірген: Лариса Божко,
инфографиканы жасаған: Мақсат Қанапьянов
#производство, #Аркалык, #руда