VI Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумы: Түркі әлемінің ақпараттық тұтастығын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам
Нәзия Жоямергенқызы - Түркітілдес журналистер қорының Президенті
Бүгін Алматыда Түркітілдес журналистер қоры ұйымдастырған VI Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумы басталды. Биылғы форумның тақырыбы – «Түркі әлемінің медиа кеңістігі: жаңа дәуірдегі міндеттер мен мүмкіндіктер».
Форумға Қазақстан, Орталық Азия, Түркия, Еуропа елдерінен жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, тәжірибелі журналистер, депутаттар, ҮЕҰ өкілдері, қоғам қайраткерлері, PR мамандар, баспасөз хатшылары, сондай-ақ журналистика факультеттерінің оқытушылары мен студенттері қатысуда.
Форум түркі әлемі медиасының болашағын айқындайтын өзекті тақырыптарды қамтиды:
- «Медиа және мәдени бірегейлік: БАҚ арқылы түркі әлемінің байланысын нығайту»
Бұл сессияда ортақ ақпараттық алаң қалыптастыру, мәдени мұра негізінде ұлттық құндылықтарды насихаттау жолдары талқыланады. - «Түркі елдері арасындағы цифрлық көпір: PR-дағы жаңа технологиялар, платформалар және құралдар»
Түркі мемлекеттерінің халықаралық аренадағы имиджін нығайту үшін PR стратегияларын үйлестіру мәселелері қарастырылады. - «Медиабизнестегі тұрақтылық пен инновациялар: болашақтың моделі»
БАҚ-тағы кіріс көздерін диверсификациялау, ақпаратты табыс көзіне айналдырудың жаңа тәсілдері назарға алынады. - «Жаңа дәуір шындығы: БАҚ-тағы жасанды интеллект»
Контент дайындау және өңдеу процестері, жасанды интеллекттің медиа саласындағы мүмкіндіктері мен тәуекелдері сөз болады.
Медиа - форум барысында екі үлкен дәстүрлі байқаудың қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар марапатталады:
- «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ мен «Шеврон» компаниясы серіктестікте ұйымдастырған «Әлеумет – қоғам айнасы»-2025 байқауы;
- «Halyk Bank» АҚ серіктестігіндегі «Еркін сөз»-2025 байқауы.
Бұл байқаулар қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді көтеріп жүрген журналистерді қолдауға және еркін ойды дәріптеу мақсатында өткізіледі.
VI Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумы – түркі әлемінің ақпараттық интеграциясын тереңдетуге бағытталған маңызды алаң. Бұл шара медиа мамандардың кәсіби байланысын күшейтіп қана қоймай, жаңа технологияларды игеру, ортақ ақпараттық саясат қалыптастыру және медиа саласының тұрақтылығын арттыру жолындағы маңызды диалогтық платформа болмақ.
Форум нәтижесі түркітілдес елдер арасындағы медиа серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп, жаңа дәуір медиасының бағыт-бағдарын айқындауға үлес қосады.
#Алматы, #медиа форум, #фондтюркоязычныхжурналистов