Жарымжан жарнамалар жыры қашан таусылады?

Жарымжан жарнамалар жыры қашан таусылады?

Тіл - мәңгілік құндылық дейміз. Алайда, тілімізді шұбарлап сөйлейтіндерді, қаланың қақ ортасында аймаңдай қылып іліп қойған қате жазылған жарнамаларды көргенде қынжылатынымыз рас.  «Жарнама туралы» заңда мемлекеттік тілдің мәртебесі шегеленіп тұрып жазылса да, бүгінде қазақ тіліндегі жарнамалардың жағдайы мүшкіл. Әуелі орысша дайындалып, қазақ тіліне тура мағынасында аударылып, тікелей тәржімаланған «жарымжан» жарнамалар қаптап кетті.Билбордтар мен жарнама тақтайшаларындағы, көгілдір экрандағы сауатсыз жазылған, калька түрінде аударылған жарнамаларды көргенде жаның ауырады. Мағынасы жоқ, қатесі көп, өзге тілде жазылған мәтіндерден көз сүрінеді. Жалпы, мұндай қателердің, көпшілік көп жүретін жерлерде кездесуі, оны жұрттың қалыпты жағдай деп қабылдайтыны жанға батады. 

Алматыға жолым түсіп барған едім. Нәнем (Күлжан - анамның сіңілісі) екеуміз үйдің маңындағы дәріханаға шыққан едік. Үйден сәл ұзап шығуымыз мұң екен, Корей дүкені сыртындағы жазуларға көзім түсті. «Насладитесь вкусом, остротой» дегенді «Дәмінен, ашылығынан рахаттан ал!» деп аударыпты.

 Дәл соның жанындағы кітап дүңгіршегінде «Дамуыңа ең абзалы»,-деп жазылып тұр. Сыртынан тіпті не сататын дүкен екенін аңғару қиын. Ішіне кірсек, кітап дүкені екен.

 Мен сөздердің қате жазылғанын айтып, суретке түсіре бастадым. Бір қызығы Нәнем оған аса таңдана қоймады. Айтуынша, Алматыда қате жазылған сөздерді іздеп қажеті жоқ. Өкінішке орай, кез-келген жерде кездеседі. Онымен күресіп, түзеп жатқан да ешкім жоқ. Өйткені, қате жарнамалар көбеймесе, азаймай тұр. Менің күйіп-піскенімді көріп, өзінің де қазақша сөздердің дұрыс жазылмайтынына, аудармалардың дұрыс еместігіне көңілі толмайтынын айтты. Иә, өкінішті және қорқынышты жағдай. Бұл бір үлкен мегаполистегі бір үйдің жанындағы жағдай. Тіпті ойлауға қорқынышты. Сонда Алматы қаласы әкімдігінің ішкі саясаты мен жауапты орындар қайда қарап отыр? -деген ой келеді. Әлде олардың еттері үйреніп кеткен бе? Кім білсін? Тәуелсіз елміз деп жүргенде тілімізді түзей алмай құрдымға кетіріп алсақ, болшағамыз не болмақ? Онсыз да шет тілдерін алға қоятын дүбәрә ұрпақ тілімізді жарға жықпай ма? Ойланатын жағдай.

Қазақтың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаев: «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады», – дейді. Біздің байлығымыз, асыл қазынамыз, өшпес мұрамыз – тіл. Тілімізді құрметтеу, оның ертеңіне алаңдау әркімнің парызы деп білемін. 


#Алматы, #язык, #казахский язык, #государственный язык