Абай облысында мәдениет саласы қарқынды дамып келеді
Абай облысында мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі бағытында бүгінгі таңда 296 нысан халыққа қызмет көрсетіп отыр. Олардың қатарында 137 кітапхана, 131 клуб пен мәдениет үйі, 4 музей (6 филиалмен), 7 архив (2 филиалмен), 1 лингвистикалық орталық, 1 театр, 1 филармония, 1 облыстық халық шығармашылығы орталығы, 1 ескерткіштерді қорғау орталығы, 1 мәдени-демалыс орталығы және 3 кинотеатр бар. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов айтты,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі.
Мәдениет және өнер мекемелерінде 2 194 қызметкер еңбек етуде. Оның ішінде 1 358 маман ауылдық елді мекендерде, ал 836 қызметкер қалалық мәдениет ұйымдарында жұмыс істейді. Жыл басынан бері өңірде мемлекеттік және ұлттық мерекелермен қатар, ел руханиятын көтеретін маңызды мәдени шаралар өтті.
Соның ішінде ақын Төлеген Жанғалиевтің 75 жылдық мерейтойы, композитор Олег Жанияровтың 80 жылдығына арналған концерт, әнші Мәдениет Ешекеев атындағы дәстүрлі әншілердің республикалық байқауы, сондай-ақ Адай Азаматовтың 70 жылдық шығармашылық кеші көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді,-деді облыс әкімінің орынбасары.
Алғаш рет ұйымдастырылған «Абай елі – өнер кеніші» облыстық көркемөнерпаздар байқауына 10 ауданнан 1500-ге жуық өнерпаз қатысып, үздіктер лайықты марапатқа ие болды.
Қазылар шешімі бойынша:
- І орын – Абай ауданы (бас жүлде – автобус),
- ІІ орын – Аягөз ауданы (музыкалық аппаратура жиынтығы),
- ІІІ орын – Үржар ауданы (музыкалық студия жиынтығы).
Барлық қатысушыларға 1 млн теңге көлемінде қаржылай сыйақы табысталды.
Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында 1–10 тамыз аралығында облыс бойынша 100-ге жуық мәдени, ғылыми және спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Мерейтойдың басты жиыны 10 тамыз күні Қарауылтөбеде өтіп, 50 мыңнан астам көрерменді қамтыды.
Сондай – ақ облыс әкімінің орынбасары театр және өнер саласындағы жетістіктерге де тоқталып өтті.
-Абай атындағы қазақ музыкалық-драма театры «Biken Fest – III» халықаралық фестивалінде (Талдықорған қаласы) «Абай айтқан Енлік – Кебек» спектаклімен Гран-при иеленсе, «Дариға-ай» жастар театры (Жезқазған қаласы) Ж. Хаджиев атындағы халықаралық фестивальде «Өз отыңды өшірме» спектаклімен Гран-при жеңіп алды. Жалпы, Абай атындағы театр 10 ай ішінде 157 спектакль қойып, 39 мыңнан астам көрерменді қамтыды,-деді Мейірлан Раханов.
Баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары кітапхана жүйесіндегі жаңашыл жобалар туралы да айтты.
Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхана «Абай жолы кітапханасы» атты бесжылдық жобаны жүзеге асырып келеді. Жоба аясында 2025 жылдың желтоқсан айына дейін 25 атаулы кітап (әрқайсысы 500 данамен, барлығы 12 500 дана) жарық көреді.
Бүгінде облыста 137 мемлекеттік кітапхана жұмыс істейді. Кітап қоры 2 416 174 дана болса, жыл басынан бері 4 715 мәдени-ағартушылық іс-шара өткізілді.
Ономастика саласында биыл 18 идеологиялық тұрғыдан ескірген көше қайта аталып, 22 көшеге жаңа атау берілді. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне 31 көшеге батырлардың есімдері берілуде. Облыстық ономастика комиссиясы 24 тарихи тұлғаның есімін «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізу жөніндегі ұсынысты республикалық комиссияға жолдады.
Биыл 6 мәдениет нысанында (Шар қаласындағы мәдениет үйі, Қарауыл ауылындағы мәдениет үйі, Ф.М. Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейі, Абай атындағы театры, Абай атындағы облыстық кітапхана, облыстық архив) күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Қазіргі таңда өлкетану музейінің ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, -деді облыс әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Үржар ауданы, Жоғарғы Егінсу ауылында 100 орындық ауылдық клуб салынып жатыр. Нысанның құрылысы 2026 жылы толық аяқталады деп жоспарлануда.
Мәдениет пен өнер – қоғамның рухани тірегі. Абай облысында бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар өңірдің мәдени әлеуетін арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу ісіне серпін беріп отыр.
#Абайская область, #культура, #библиотека