Абай облысында білім беру инфрақұрылымын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда
Абай облысында мектепке дейінгі және орта білім беру жүйесін дамыту, балаларды сапалы біліммен және қолайлы жағдаймен қамту бағытында бірқатар нақты шаралар жүзеге асырылуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов айтты,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі.
-Қазіргі уақытта облыста 177 балабақша жұмыс істейді, оның ішінде 91-і мемлекеттік, 86-сы жекеменшік. Сонымен қатар, жалпы орта білім беретін мектептер жанынан 191 шағын орталық (190 мемлекеттік, 1 жекеменшік) ашылған. Бүгінде балабақшаларға кезекте тұрғандар саны 5,8 мыңнан астам баланы құрайды, оның ішінде 2-ден 6 жасқа дейінгі 3 мың бала бар. Кезектілікті азайту мақсатында 2025 жылы 5 жаңа жекеменшік мектепке дейінгі ұйым іске қосылды (Семей қаласы – 1, Жаңасемей ауданы – 2, Үржар ауданы – 1, Аягөз – 1). Сонымен бірге, Мақаншы ауданында 140 орындық балабақша салынып, құжаттамасы дайындалуда.
Абай облысында жалпы саны 311 мектеп бар, оның ішінде 304-і мемлекеттік, 7-і жекеменшік. 2025–2026 оқу жылында оқушылардың жалпы контингенті 100 590 баланы құрады.
«Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында облыста 2700 орынға арналған 4 жаңа мектеп пайдалануға берілді:
- Семей қаласының Қарағайлы тұрғын ауданында – 1200 орындық;
- Бесқарағай ауылында – 300 орындық;
- Семей қаласының Водный кентінде – 600 орындық;
- Аягөз қаласында – 600 орындық.
Сонымен қатар, Семей қаласының Восточный правый кентінде 300 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Құрылыстың жалпы құны – 2 716,0 млн теңге, нысанды 2025 жылғы желтоқсанда аяқтау жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда облыста 3 апатты мектеп бар:
- Екпін ауылындағы Ы.Қабеков атындағы орта мектеп (Ақсуат ауданы);
- Суықбұлақ ауылындағы Новотаубинка бастауыш мектебі (Жарма ауданы);
- Семей қаласындағы №11 жалпы білім беретін орта мектеп.
Жарма ауданының Суықбұлақ ауылында 100 орындық жаңа мектептің құрылысы басталып, бүгінде 38% жұмыстар орындалған. Сонымен қатар, Екпін ауылындағы 300 орындық мектепке, сондай-ақ Семей қаласындағы №11 орта мектепке арналған жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Жаңа нысандар іске қосылған соң, барлығы 940 оқушы заманауи жағдайда білім алатын болады.
-Абай облысы бойынша 35 мектепте 7400 орын тапшылығы байқалады (оның ішінде Семей – 3,7 мың, Аягөз – 2,0 мың, Жарма – 0,8 мың және т.б.). Бұл мәселені шешу мақсатында келесі үш бағытта жұмыс жүргізілуде,-деді облыс әкімінің орынбасары.
- Жекеменшік мектептердің құрылысын ынталандыру. Семей қаласында «Бином» компаниясы 1400 орындық мектеп салуды жоспарлауда. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы алғашқы конкурс өтті. Қараша айында тағы бір жекеменшік мектеп – «Сарын» жобасы бойынша өтінім қабылданды.
- «Келешек мектебі» жобасы аясындағы жаңа құрылыстар. Бұл бағытта жүргізіліп жатқан мектептердің бірі 300 оқушыны бір ауысымда қабылдайды.
- Қосымша ғимараттар салу. Семей қаласындағы №4 және №30 орта мектептерге қосымша оқу корпустарының құрылысы басталды (құрылыс жұмыстарының орындалуы тиісінше 12% және 15%).
2025 жылы облыс бойынша 9 мектепте реновация жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 5 мектепте кешенді, 4 мектепте ішінара күрделі жөндеу атқарылды.
Жөндеу жүргізілген білім беру мекемелерінің қатарында:
- Семей қаласы: Н.Г.Чернышевский атындағы №1 ЖОББМ, №32 ЖОББМ;
- Жаңасемей ауданы: Приречное ЖОББМ, Түрксіб ЖОББМ;
- Аягөз ауданы: К.Қадыржанов атындағы Қызылқия ЖОББМ, №7 ЖОББМ, К.Бозтаев атындағы қазақ мектеп-гимназиясы;
- Үржар ауданы: Б.Момышұлы атындағы орта мектеп;
- Бесқарағай ауданы: Глуховка орта мектебі.
«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Абай облысының шағын жинақты мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасы аясында облыстағы 36 мектепке 58 оқу кабинеті (жаратылыстану, цифрлық және әмбебап кабинеттер) орнатылуда. Жобаның жалпы сомасы — 764,7 млн теңге.Сонымен қатар, 4 мектеп (Жаңасемей ауданының А.Ибраев атындағы мектебі, Мақаншы ауылындағы Сейфуллин атындағы мектеп-балабақша, Курчатов қаласының №2 мектебі және Үржар ауданының Б.Момышұлы атындағы мектебі) әрқайсысы 250 млн теңге көлемінде оқу жабдықтарымен және жиһазбен қамтамасыз етіледі.
Балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту мақсатында облыс орталығында 500 орындық Оқушылар сарайының құрылысы жүргізілуде. Нысанды ағымдағы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланған.
Абай облысында білім беру инфрақұрылымын дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда. Жаңа балабақшалар мен мектептердің ашылуы, апатты және орын тапшылығы бар нысандардың мәселесін шешу, оқу орындарын заманауи құралдармен жабдықтау – облыс балаларының сапалы білім алуына және жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.
#Абай облысы, #Білім, #мектеп, #балабақша