Абай поэзиясы 15 тілде: Семейде халықаралық поэзия фестивалі өтті
Абайдың 180 жылдығына арналған онкүндік мерейтойлық шаралар легі жалғасуда. Онкүндіктің тоғызыншы күнінде Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханада «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» атты халықаралық поэзия фестивалі өтті.

Фестиваль «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының және Михай Эминеску атындағы Халықаралық поэзия академиясының қолдауымен ұйымдастырылды.

Шараның басты мақсаты – Абай Құнанбайұлының өлеңдерін әлемнің 15 тіліне аудару арқылы оның рухани мұрасын жаһандық деңгейде кеңінен таныту.

Фестивальге Түркі әлемі жазушылар одағы мен Конго, АҚШ, Мексика, Италия, Швеция мемлекеттерінің ақындары мен жазушыларымен қатар Ұлықбек Есдәулет, Светқали Нұржан, Серік Ақсұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай, Ханбибі Есенқарақызы, Ақұштап Бақтыгереева, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы сынды отандық әдебиеттің көрнекті өкілдері қатысты.

Шараның ашылу салтанатында ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы, Қырғызстанның халық жазушысы Сұлтан Раев сөз алып, екі ел достығына тоқталып, ұлы Абай мұраларының күллі әлемге ортақтығы жайында сөз қозғады.


Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ербол Алшынбай фестивальге қатысушыларға аймақ басшысы Берік Уәлидің құттықтауын жеткізді.
«Бүгінгі рухани жиын – өлең мен ойдың, жүрек пен тілектің, мәдениет пен мұраттың тоғысқан сәті. Әлемнің әр түкпірінен келген ақындар мен әдебиет өкілдеріне, Абай мұрасын насихаттап жүрген барша зиялы қауымға шынайы ризашылығымды білдіремін» делінген құттықтау хатта.


Шара аясында «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» атты дүниежүзілік поэзия антологиясының (қазақ және ағылшын тілдерінде), Ион Диаконескудің «Ол құс – Мен» романы (қазақ тілінде), Ұлықбек Есдәулеттің «Ақыннан сағат сұрама» атты румын тіліндегі кітабының, Сауытбек Абдрахмановтың «Алып Абай» кітабының тұсаукесері өткізілді.
#Абайская область, #Фестиваль, #писатель, #180 лет со дня рождения Абая Кунанбаева, #поэт