Зейнолла Самашев: Шығыстан жәдігерлерді мұнда әкелуге дайын емеспіз
Семейдегі Шәкәрім университетінде Қазастан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Ә. Марғұлан атындағы Археология институты және осы оқу ордасының бірлесіп ұйымдастыруымен «Абай облысының тарихи археологиялық мұрасы: алғашқы зерттеу нәтижелері» атты конференция өткізілген еді. Конференция барысында Абай облысының Абай, Аягөз, Жаңасемей, Үржар тағы да басқа аудандарындағы елдімекендерде сан ғасырларды қамтып, көнеден бүгінге жеткен археологиялық ескерткіштерді түбегейлі зерттеп, оны сақтау, ғарыштан барлап заман талабына сай технологиялармен әлі де ашылмай жатқан нысандарды есепке алу сияқты өзекті мәселелер көтерілді.

Осы орайда конференция барысында тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ә. Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері Зейнолла Самашевпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
-Сіздің еліміздің археология саласына сіңірген еңбегіңіз ұшан-теңіз. Ашқан зерттеу жаңалықтарыңызда жетерлік. Дегенмен, әлі де «ашылмаған аралдары» молынан табылатын Абай облысының аумағында кешенді зерттеу жүргізу үшін алдымен облыстық әкімдік жанынан ғылыми әдістемелік орталық ашу керектігін ұсындыңыз. Мұндай орталық қандай маңызды рөл атқарады?
-Бұл әдістемелік орталықтың ашу қажеттілігіне қатысты бірнеше себептер бар. Қандай зерттеу жүргізсек те оның оңтайлы нәтижесіне қол жеткізу үшін алдымен облыстық әкімдік қолдауымен қаражат бөлінуі керек. Қаражат бөлінгеннен кейін зерттеу жұмыстарына керекті жабдықтар, техникалар алынып, бұған дейін беймәлім болып келген көне дәуірден бастап бертінгі ғасырларға дейінгі тарихымызды қамтитын археологиялық нысандарды анықтау, қазба жұмыстарын жүргізу қолға алынады деп ойлаймын. Әдістемелік орталық құрамына тек ғалымдар ғана емес, орган қызметкерлері, прокуратура, полиция өкілдері де енсе оның маңыздылығы арта түседі. Өйткені, қазір ғылымда «қара археология» аталып кеткен заңсыз зерттеулер жүргізіп, құнды жәдігер көрсе қолды ететін әлдебір топтар көбейіп барады. Ғылыми орталықтардың атын жамылып, өз пайдасын күйттеп кеткендер барын да байқап жүрміз. Шыны керек, құқыққорғау органдары тарапынан қадағалау болмағандықтан көптеген құндылықтарымыздан айырылып жатырмыз. Абай облысының аумағында зерттеу жүргізілетін аудандардың ауыл әкімдеріне, учаскелік полицейлеріне, қоғамдық істерге белсене араласып жүрген азаматтарына да осы орталықтан міндеттеме жүктелсе, біртіндеп жақсы нәтижесін көре бастайтынымыз анық. Абай облысында бұған дейін назарға ілікпей келе жатқан ескерткіштерді, таңбалы тастарды, обаларды біздің институттың ғалымдары жыл сайын сатылап анықтау үстінде. Дегенмен, облыстық әкімдікпен бірлесіп жұмыс істеу мақсатында жоғарыда айтқан әдістемелік орталық ашу қажеттігін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Жалпы, мұндай орталық Батыс Қазақстан облысында бар. Қырымбек Көшербаев осы облыстың басшысы болып тұрғанда осы бағытта ғылыми әдістемелік орталық ашып, кешенді зерттеулер жүргізуге жол ашты. Орталыққа археолог ғалымдармен бірге туған өлке тарихын жақсы білетін зиялы қауым, елге белгілі ақсақалдар, әкімдік өкілдері енңп, алдымен қай жерде қандай зерттеулер жүргізу қажеттігіне нащзар аударып отырды. Археологиялық нысан деп ауыз толтыра айту үшін оның тарихи маңызын екшеп алды да, тиісті қаражат бөлуді содан кейін шешетін де оның жұмсалу есебін жасауға да мән берілетін. Есесіне нәтижелі жұмыс жүргіздік. Міне, ғылыми әдістемелік орталыққұрудың тағы бір қажеттілігі осында.
- Соңғы жылдары Абай облысы аумағынан бұған дейін табылған көптеген жәдігерлердің әлі де Шығыс Қазақстан облыстық музейінде тұрғаны жиі айтылып жүр. Оны жаңадан ірге көтерген облыс орталығына әкелудің жолдары бар ма?
-Бұл мәселені теориялық жағынан ойлап, екшеп жүзеге асыруға болады. Ниет дұрыс, әрине. Бірақ, алдымен оған дайындығымыз бар ма деген сұраққа жауап іздегеніміз жөн. Өйткені, жәдігерлерді Шығыс Қазақстаннан алдыртпас бұрын облыс орталығынан орын табуды ойластыру керек. Облыстық өлкетану музейінің өзінде қолда бар жәдігерлерді сақтау оңай болмай тұрғаны рас. Ал жаңағы осы аймақтан табылған әлемдік деңгейдегі маңызы бар алтыннан жасалған жәдігерлерлерді мұндағы музейлерге орналастыру мүмкін емес. Өйткені, жәдігерді сақтайтын орындары, техникалық мүмкіндіктері жоқ әзір. Сондықтан, алдымен осы мәселені шешу керек. Мен бұл туралы өткен айдағы көрме шарасына қатысқанымда арнайы келген облыс әкімінің өзіне де айтқанмын. Алайда, артынша Мәдениет және ақпарат министрлігінің Шығыс Қазақстан облысында тұрған жәдігерлерді Ұлттық музейге тапсыру жөнінде бұйрығы шықты. Енді ол жәдігерлердің осында көшірмесін ғана әкелуге тура келеді. Оның көшірмесін жасайтын мамандар жоқ емес, бар. Тек енді оны орналастыратын ғимарат табуды тезірек ойластыруымыз керек.
-Сіз археология саласының көне замандағы бейнелеу өнерін зерттеумен шұғылдандыңыз. Сол бағыттағы жұмыстарыңызды кеңірек айтып берсеңіз...
-Мен Шығыс Қазақстан өңіріндегі петроглифтерді, жартастардағы бейнелеу өнерінің туындыларын көп жылдар бойы зерттедім. Соның бәрін жинақтап Шәкәрім университетінің қолдауымен көлемді зерттеу кітабымды жарыққа шығарып отырмын. Сонау қола дәуірден бастап, көне түркі заманына дейінгі жартас суреттері, тас мүсіндер, бұғытастар деп те айтылатын бейнелеу өнерінің түрлеріне талдау жүргіздім. Бірен-саран болса да Павлодар өңірінен табылған тас дәуірінің ескерткіштері де енді. Неолит дәуіріндегі бейнелеу өнерінің туындылар туралы да тоқталдым. Осындай зерттеу жұмыстарым бүгінгі зерттеу еңбегімде қамтылған.
-Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Сәтжан Қасымжанұлы
#Семей, #Абайская область, #культура