АЭС бойынша оң шешім қабылданса, оны кім салады – Президент жауабы
АЭС бойынша оң шешім қабылданса, онда оны халықаралық консорциум салуы қажет. Бұл туралы АЭС бойынша референдумда дауыс бергеннен кейін БАҚ өкілдеріне шағын сұхбат берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты,деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі KAZINFORM-ға сілтеме жасап.
«Егер референдум қорытындысында Қазақстан азаматтары АЭС құрылысына қатысты мәселеге қолдау білдірсе, онда оны кім салады?» - деп сұрады БАҚ өкілдері Президенттен.
Мемлекет басшысы бұл мәселенің күрделі екендігін атап өтті.
«Үкімет сараптамамен айналысып, тиісінше келіссөздер жүргізуі қажет. Дегенмен, бұл - мәселеге қатысты менің жеке көзқарасым. Қазақстанда ең озық технологияларға ие әлемдік компаниялардан тұратын халықаралық консорциум жұмыс істеуі тиіс. Бірақ, мұнан арғыны өмір көрсетеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС бойынша референдумда дауыс бергенін жазған болатынбыз.
БАҚ өкілдерімен шағын сұхаты барысында Мемлекет басшысы Үкімет жұмысына баға берді.
1 шілдедегі жағдай бойынша ел көлемінде 12 176 968 адам референдумда дауыс беруге хақылы.
#Президент РК, #АЭС, #Референдум