Еліміздің қорғаныс жүйесін күшейтуге арналған заң мақұлданды - Сенат

Еліміздің қорғаныс жүйесін күшейтуге арналған заң мақұлданды - Сенат

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі әскери қызмет және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мақұлданды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі kaz.inform.kz сілтеме жасап,

- Бұл заң еліміздің қорғаныс жүйесін күшейтуге ғана емес, әрбір азаматтың бойында Отанға деген шексіз сүйіспеншілік пен адалдықты қалыптастыруға да негіз болады. Біз тек әскери дайындықты арттыруды емес, елдік, ұлттық бірлікті, патриотизмді нығайтуды мақсат етіп отырмыз. Әскери резерв - бұл тек әскери дайындық емес, бұл әрбір азаматтың алдындағы борышын сезінуі, қажет болған жағдайда еліне, жеріне қызмет етуге дайын тұруы. Қазіргі таңда жаһандық қауіпсіздік жағдайларына да мән беретін кез келді, сондықтан әрбір азаматтың жүрегінде патриоттық сезімнің оянуы қажет. Бұл сезім тек мемлекеттік саясатпен ғана емес, әрбір адамның рухани бойында қалыптасады. Өз еліне деген құрмет пен сүйіспеншілік әрекеттерінен, оның жеріне деген адалдығын көрсетеді, - деді сенатор Амангелді Нұғманов.

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мәліметіне қарағанда, Заң Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды әскери қимылдарға дайын резервтік күштермен қамтамасыз ету үшін құқықтық негіз құру, сондай-ақ мемлекеттік органдардың функцияларын су үнемдеу технологияларын енгізу бөлігінде қайта бөлу мақсатында әзірленді.

Құжат аясында Су, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Еңбек және Әлеуметтік кодекстерге, Қазақстан Республикасының он төрт заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Мәселен, түзетулермен резервтегі әскери қызметке қабылданатын адамдарға қойылатын талаптар, оның ішінде Қазақстан азаматтығының болуы, жас шектеулері (қатардағы және сержанттық құрам үшін он сегіз жастан кіші емес және 47 жастан аспаған, офицерлік құрам үшін 57 жастан аспаған), әйелдерді қоспағанда, мерзімді әскери қызметті өткеру, әскери кафедрада оқудан немесе әскери-техникалық мамандарды даярлау бойынша әскери даярлықтан өту белгіленеді.

- Резервтегі әскери қызметті өткеру туралы келісімшарттың мерзімі, оны жасасудың және сабақтар, жиындар өткізу тәртібі айқындалады: келісімшарт ерікті түрде үш жылға жасалады, ал жауынгерлік даярлық бойынша сабақтар мен жиындар ай сайынғы үш күнге дейінгі сабақтарды қоса алғанда, жылына күнтізбелік алпыс күннен аспайтын уақытты алады. Әскери резервтегі адамды әлеуметтік қорғау бойынша бірқатар нормалар көзделеді. Атап айтқанда, оған ай сайын бюджет қаражаты есебінен ең төмен жалақы, ал жауынгерлік даярлық бойынша жиындардан немесе дағдарыстық ахуалдар кезіндегі жиындардан өту кезеңінде ең төмен (жұмыссыз адамға) және жұмыс орны бойынша орташа айлық жалақы (жұмыс істейтін адамға) төленеді, оның жұмыс орны (лауазымы) сақталады. Олардың толық көлемде медициналық қамтамасыз етілу, тамақтану, жарақат алған жағдайда біржолғы өтемақы алу мүмкіндігі бекітіледі. Ол жиындар мен оқу-жаттығулар кезінде қайтыс болған жағдайда, біржолғы ақшалай өтемақы, ал оның мұрагерлеріне – 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төлеу көзделеді, - делінген Сенат комитетінің ақпаратында.

Бұдан басқа, Заңның жекелеген нормаларымен Ауыл шаруашылығы министрлігінің су беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді субсидиялау және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су үнемдейтін суару технологияларын енгізуге жұмсаған шығындарын өтеу бөлігіндегі функциялары Су ресурстары және ирригация министрлігіне берілді.


#сенат, #Министр Обороны