Облыстағы туризм саласының өзекті мәселелері талқыланды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты биылғы Жолдауында туризм саласына ерекше мән берген болатын.

Бүгін Семейде облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен туризм саласының өзекті мәселелеріне арналған жиын өтті. Оған облыстық басқармалар, кәсіпкерлер палатасы, туристік компаниялар мен демалыс орындарының өкілдері қатысты.

«Туризм – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында осы салаға айрықша назар аударғаны белгілі. Президенттің тапсырмасына сәйкес облыс әкімдігі биыл Алакөлге ерекше көңіл бөлді. Наурыз айынан бастап өзім бірнеше рет барып, көшпелі жиындар өткіздім. Жағалауға 2018 жылдан бері жөндеу жүргізілмегенін ескере отырып, облыстық бюджеттен 658 млн теңге бөлдік. Туризмді дамытуда кәсіпкерлердің рөлі айрықша. Бұл сала сіздердің қолдауларыңызсыз дамымайды. Сол себепті бүгін сіздермен арнайы кездесіп, өзекті мәселелерді бірге талқылап, шешу жолдарын қарастыруды жөн көрдім» деді аймақ басшысы.
Жиында облыстық туризм басқармасының басшысы Марат Қабақов өңірдегі туризм, Алакөл туристік аймағын дамыту жоспарлары туралы баяндады.

Қазіргі таңда Абай облысында туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлініп, Алакөл жағалауын абаттандыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Көл жағалауындағы инфрақұрылымды нығайту үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, арбатты жөндеу, жаңа қоғамдық кеңістік құру, көшелерді орташа жөндеу, пирстер орнату және жағалауды санитарлық тазалау жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы әзірленіп, жалпы құны 8,4 млрд теңге болатын жобалар жоспарға енгізілді. Олардың қатарында жаңа электр желісі, қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны, тазарту құрылыстары, құтқару станциясы мен өрт сөндіру депосының құрылысы бар.

Кездесу барысында Абай облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Мақсат Сүйчінов, «S.G. travel» туристтік оператор компаниясының директоры Айман Жакупова, «Ерасыл» демалыс базасының директоры Ерасыл Диқанбаев және тағы да басқа демалыс үйлерінің иелері өңір туризмін дамытуға қатысты ұсыныстарын айтты. Атап айтқанда, Алтын адам табылған Елеке сазы, тарихи орындар көп шоғырланған Абай ауданы, Курчатов қаласында ғылыми туризмді жетілдіру, жолдар мен интернет желісін жақсарту, ақпараттық белгілерді орнату, гидтерді даярлау және қызмет сапасын арттыру, балалар туризмін дамыту, кәсіпкерлерді қолдау, экологиялық туризмді өркендетуге байланысты ойларын ортаға салды.

«Бүгінгі кездесудің біз үшін мән-маңызы ерекше. Себебі, Абай облысы деңгейінде туризм саласының өкілдері мен аймақ басшылығы алғаш рет бір үстел басына жиналып отыр. Бұл – саланың дамуы үшін маңызды қадам, ортақ үнқатысудың бастамасы» деді «S.G. travel» туристтік оператор компаниясының директоры Айман Жакупова.
Жиын қорытындысында аймақ басшысы кездесуде көтерілген мәселелер мен ұсыныстардың барлығы ескерілетінін атап өтті.
«Бүгінгі кездесуде ашық әңгіме өрбіді деп ойлаймын. Құнды пікірлер айтылды. Сіздермен әрдайым ашық байланыста болып, серіктестік орнатуға дайынбыз. Туризм саласында өзекті мәселелер бар. Ортақ мақсатымыз – Абай облысының тартымды жерлеріне туристерді тартып, еліміздің туристік өңірлерінің біріне айналдыру» деді облыс әкімі.