Абай облысында 2100-ден астам жаяу жүргінші жол қозғалысы ережелерін бұзған: полиция жолдағы қауіпсіздіктің маңыздылығын еске салады

Абай облысында 2100-ден астам жаяу жүргінші жол қозғалысы ережелерін бұзған: полиция жолдағы қауіпсіздіктің маңыздылығын еске салады

2025 жылдың басынан бері Абай облысында Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы жолды белгіленбеген жерден кесіп өту бойынша 2128 құқық бұзушылық тіркелді. Мұндай әрекеттер – жай ғана ереже бұзу емес, жаяу жүргіншілердің өмірі мен денсаулығына төнген тікелей қауіп.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай құқық бұзушылықтарды анықтаудағы басты мақсат – жазалау емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Бейнебақылау камералары жолдағы жағдайды нақты уақытта бақылап, құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Бұл – жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігін сақтауға бағытталған шара.

«Күн сайын адамдардың белгіленбеген жерден жүгіріп өтіп, өз өмірлерін қатерге тігетінін байқаймыз. Біздің мақсатымыз – тек құқық бұзушылықты тіркеу емес, қайғылы жағдайдың алдын алу. Себебі әрбір осындай сәттің артында үлкен трагедия тұруы мүмкін», – деді Абай облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Өтепов Әсет.

Жолды белгіленбеген жерден кесіп өту – ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615-бабы бойынша бұзушылық болып табылады. Бұл үшін 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Алайда, полиция өкілдері атап өткендей, ешқандай айыппұл адам өмірінен қымбат емес.

Абай облысының полициясы барлық тұрғындарға жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды, өзіңіздің және жақындарыңыздың амандығын ойлауды ескертеді. Қауіпсіздік – әрқайсымыздан басталады.


#право, #дорога, #авария