Абай облысында кәсіпкерлерге тауарларды баға белгілерінсіз сатқаны үшін айыппұл арқалады

Абай облысында кәсіпкерлерге тауарларды баға белгілерінсіз сатқаны үшін айыппұл арқалады

Абай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жыл басынан бері кәсіпкерлердің тауарларды баға белгілерінсіз сатуына қатысты 17 өтініш түскен. Бұл туралы abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне сілтеме жасап хабарлайды. Өтініштер негізінде жүргізілген жоспардан тыс тексерулер нәтижесінде 16 кәсіпкерлік субъектісінің сауда орындарында ішкі және сыртқы витриналарда тауар бағаларының теңгемен көрсетілмегені анықталған. Аталған кәсіпкерлер ҚР заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал бір өтініш бойынша баға белгілерінің болмау фактісі расталмағандықтан, тексеру аяқталды.

-Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 24-бабының 12-тармағына сәйкес, сатушы тауардың құнын міндетті түрде теңгемен, баға жапсырмалары арқылы ішкі және сыртқы витриналарға орналастыруға тиіс. Сондай-ақ тауардың сақтау жағдайларын қамтамасыз етуге міндеттеледі,-дейді Абай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Серікхан Нұртазин.

Дайындаушы немесе орындаушы да өз тарапынан:

жұмыстар мен қызметтердің құнын теңгемен жазбаша түрде көрсетуге;

тауардың жарамдылық және сақтау мерзімдерін белгілеуге міндетті.

Тұтынушы баға жапсырмасы көрсетілген тауарды дәл сол бағада сатып алуға құқылы, ал сатушы оны сол бағамен сатуға міндетті.

Заң талаптарын бұзғандарға айыппұл қарастырылған. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 24-бабы талаптарын бұзу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 193-бабының 4-тармағында көрсетілген. Оған сәйкес, тауар бағасын теңгемен көрсетпей өткізу немесе витринадағы бағадан қымбат бағада сату:

шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 6 АЕК,

орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 10 АЕК,

ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Абай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы кәсіпкерлерді заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады. 


#право, #Абайская область, #потребитель