Абай облысында комплаенс және әдеп жөніндегі уәкілдерге арналған алғашқы семинар өтті

Абай облысында комплаенс және әдеп жөніндегі уәкілдерге арналған алғашқы семинар өтті

Абай облысында комплаенс және әдеп жөніндегі уәкілдер мектебі ұйымдастырған семинарда мемлекеттік қызметтегі жемқорлық тәуекелдері мен олардың алдын алу жолдары жан-жақты талқыланды. Іс-шараға студенттер мен комплаенс-офицерлер қатысып, өз сауалдарын қойды. 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Руслан Шарипов семинар қатысушыларын құттықтады.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрестің еліміздің стратегиялық дамуының басты басымдықтарының бірі екенін атап, мемлекеттік органдарға нақты міндеттер жүктеді. Абай облысында ұйымдастырылған семинарға 24 комплаенс-офицер қатысып, жемқорлыққа қарсы жүйелі және жоспарлы жұмыстың маңыздылығын талқылауға жиналдық. Алдағы міндет – офицерлер санын арттыру, тәуекелдерді бағалау және алдын алу механизмдерін жетілдіру арқылы тиімді қорғаныс қалыптастыру, – деді Руслан Шарипов.

Абай облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің талдау әзірлемелер бөлімі басшысының м.а. Марат Сейілханов жастар арасында лудомания мен онлайн-казинолардың қауіптілігін атап өтті.

– Лудомания мен онлайн-казинолардың жастар үшін қауіптілігі артып келеді, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне де әсер етуі мүмкін. Қазіргі таңда облыс аумағында бұрынғы заңсыз ойын орындарының саны нөлге дейін қысқарғанымен, басты қауіп шетелде тіркелген онлайн-казинолардан туындап отыр, – деді ол.

Семинар барысында студенттер мен офицерлер практикалық жағдаяттар арқылы жемқорлықтың алдын алу тәсілдерін талқылап, белсенділік танытты. Жиынға қатысқа Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Арман Жемағұлов өз сөзінде қоғамның рухани тірегі адалдық екенін айтты.

 «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» қағидаты жай ғана ұран емес, тұтас қоғамның рухани құндылықтар жүйесі. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында осы құндылықтардың маңызын ерекше атап өткендей, адалдық пен әділдік салтанат құрған қоғамда алға басу да, өркендеу де заңдылық, - деп спикер басқосуды түйіндеді.

Іс-шара қорытындысында комплаенс-офицерлеріне арнайы сертификаттар табысталды.


#право, #Абайская область