Абай облысының тұрғындары қаржы пирамидаларынан 70 миллионнан астам шығынға ұшыраған

Абай облысының тұрғындары қаржы пирамидаларынан 70 миллионнан астам шығынға ұшыраған

2023 жылы өңірімізде үш қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері мәлімдеді,-деп хабарлайды abaidan.kz. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында тағы бір қаржы пирамидасы құрықталған.


- Біздің департамент 2022 жылдың қарашасы мен 2023 жылдың сәуірі аралығында "Chia tai Tiahging" қаржы пирамидасы туралы қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Нәтижесінде 133 салымшы анықталды, оның 66-сы жәбірленуші деп танылды. Олардан 74 591 311 теңге сомаға келтірілген залалды өтеу туралы талап арыздар түсті, - деп атап өтті Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Нұрлан Кәрімов. 
Интернеттегі алаяқтықпен байланысты сайттарды, аккаунттарды және жарнамалық сілтемелерді бұғаттау бойынша тиімді шаралардың бірі «Кибернадзор» жүйесін пайдалану. Мәселен, өткен жылы 350 интернет-сілтеме бұғатталса, биылғы жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 65 сілтемеге көбейген. 
Департамент өкілдері қаржы пирамидаларына кіру ерікті және заң қолдауынсыз екенін, салынған қаражатты қайтаруға ешқандай кепілдік берілмейтінін баса айтты. Соған қарамастан, банк шоттарына және қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылардың мүлкіне шектеу қоюға, департаменттің тарапынан қабылданған шаралар нәтижесінде азаматтарға ақшалай қаражатты қайтаруға мүмкіндіктер бар. 
- Азаматтарды елімізде қарқын алып келе жатқан интернет-алаяқтықтан сақтандырғым келеді. Олар «жалған қаржылық» ұйымдардан жоғары және пассивті кірісі бар ірі жобаларға инвестициялауға уәде беретін ұсыныстарға тап болуда, - деп атап өтті спикер.
Қаржы пирамидаларына қатысты жағдай туындаған кезде азаматтарды Семей қаласы, Шымкент көшесі, 2 мекен-жайында орналасқан Абай облысы бойынша экономикалық тергеу департаментіне, 33-20-74 байланыс орталығына, «Afm Insaider» телеграмм ботына хабарласу ұсынылады. Хабарласқан азаматтарға анонимділік пен құпиялылыққа кепілдік беріледі.


#право, #Абайская область, #финансовая пирамида