Әнші Рахат Тұрлыханов 10 тәулікке қамауға алынды

Әнші Рахат Тұрлыханов 10 тәулікке қамауға алынды

Әйелін соққыға жыққан қазақстандық әртіс Рахат Тұрлыхановқа қатысты сот шешімі өзгерді. Алматы сотында оның ісі бойынша сот отырысы жабық режимде өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап, abaidan.kz  хабарлайды. 

"Сот алқасы материалдан оның бұрын жұбайына бірнеше рет қол көтергені туралы деректі көріп, бірінші сатыдағы сот шешімімен келіспеді. Алматы соты алқасының шешімімен Алматы әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың шешімі өзгертілді", - делінген сот хабарламасында.

Сот алқасының қаулысымен Тұрлыхановқа қатысты жазалау шарасы оған ескерту беруден 10 тәулік әкімшілік қамауға алу жазасына өзгертілді. Қаулы заңды күшіне енді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан әншісі, мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың туысы Рахат Тұрлыханов әйелін соққыға жыққаны үшін тағы да сот алдында жауап беретіні туралы жазған едік. 

Рахат Тұрлыханов әйелін ұрып-соққаны үшін әкімшілік құқықбұзушылық бойынша сотқа шақырылған. Алайда әйелі оны кешіргендіктен, әртіс жазадан құтылып кеткен.

9 қаңтарда Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Рахат Тұрлыхановқа қатысты істі қарағанын хабарлады.

10 қаңтар күні әйеліне қол көтерді деп айыпталған Рахат Тұрлыханов жұбайымен бірге бейнеүндеу жасаған еді. 

Еске сала кетсек, бұған дейін Рахат Тұрлыхановтың туысы Дәулет Тұрлыхановтың ұлының үстінен адвокаттардың шағымынан кейін қылмыстық іс қозғалған еді. Тұрлыхановтың 20 жастағы төртінші ұлы Нұрасыл Болат сот шешімімен кінәлі деп танылып, оған 1 миллион 700 мың теңге айыппұл салынған.

Кейін Тұрлыхановтың тергеудегі ұлы Нұрасыл Болат әскери бөлімнен қашып кеткені белгілі болған. Осыдан кейін ол басшылық бұйрығына бағынбағаны және оны орындамағаны үшін 15 тәулікке қамауға алынды.

Сондай-ақ бұған дейін әлеуметтік желіде Дәулет Тұрлыхановтың ортаншы ұлы мен оның сүйіктісінің арасындағы жанжалға байланысты видео тараған. Дәулет Тұрлыханов бұл жағдай өзінің отбасына кейінгі жылдары жасалған кезекті ақпараттық шабуыл деп ойлайтынын атап өткен еді.


#право