Елімізде 2,5 мыңнан астам электронды білезік пайдалануға енгізілді
«Электрондық бақылау құралдарын енгізу» - қылмыстық-атқару жүйесінің заманауи цифрлық жобаларының бірі. Жоба алғаш рет ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі барлық техникалық талаптарды сақтай отырып, оларды жалға беру бойынша өнім берушіден қызметтерді сатып алу жолымен сервистік модель бойынша іске асырылды. ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Баймағанбетов атап өткендей, алдын ала есептеулер мен талдаулар жалға алу жабдықты сатып алудан гөрі тиімдірек екенін көрсетті.
«Қазіргі уақытта еліміз бойынша 2,5 мыңнан астам электронды білезік пайдалануға енгізілді. Электрондық бақылау құралдарын қолдану есебінен пробация қызметінің қызметкері сотталған адамның жүріп-тұруы туралы ақпаратты нақты уақыт режимінде ала алады. Сонымен қатар, платформада сотталушының жүріп-тұру маршрутының тарихы жазылады, ол 2 жылдан астам уақыт сақталады», - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Пробациялық бақылау шарттары бұзылған жағдайда, мысалы, ойын-сауық мекемелеріне баруға немесе түнгі сағат 10-нан кейін үйден шығуға салынған тыйым сақталмаса, жедел кезекшіге және пробация қызметкеріне одан әрі шаралар қабылдау үшін оқиға туралы хабарлама келіп түседі. Сонымен қатар, білезіктер «SOS» батырмасымен жабдықталған, оны сотталғандарға шұғыл көмек қажет болған жағдайда қолдануға болады.