Қаламызда 100-ден астам заңсыз жарнама нысаны жойылды
Семейде жарнама мәтіндеріндегі, маңдайшалардағы және басқа да көрнекі жарнама объектілеріндегі грамматикалық қателерді түзету бойынша «Сыртқа ілсең жарнама, ана тілін қорлама!» атты айлық басталды,-деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап abaidan.kz. . Бұл туралы “Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің” басшысы Маржан Бахатова мен “Семей қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің” басшысы Дархан Сейханов баяндады.
Ұйымдастырылған шара қаланың жалпы көрнекі келбетін эстетикалық стандарттарға сәйкес жақсартуға септігін тигізеді. Айлық аясында өңірдегі кәсіпкерлерге жарнаманы орналастыру шарттары мен ережелері, салық мөлшерлемелері мен жарнама қызметін дұрыс жүргізу талаптары түсіндіріледі. Бақылауға қала әкімдігі, мемлекеттік кірістер департаменті, полиция және «Семей-Сәулет» коммуналдық мекемесінің өкілдері қатысуда.
- Айлық аясында Глинки көшесіндегі кәсіпкерлік нысандарындағы жарнаманың заң талаптарының сақталуы қадағалануда. Барлығы 57 нысан қамтылған. Олардың ішінде дүкендер, сұлулық салондары, қоғамдық тамақтану және дәріханалар кіреді. Іс-шара 1 сәуір мен 1 мамыр аралығында жалғасады. Барша қала тұрғындарына үндеу тастап, бейжай қалмауын сұраймын. Қай тілде болмасын көрнекі ақпаратта қате байқасаңыз, біздің бөлімге хабарласуыңызды сұраймыз», - деді мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.
“Сәулет және қала құрылысы бөлімінің” басшысы Дархан Сейтханов атап өткендей, соңғы 3 жылда сыртқы көрнекі жарнамаларды орналастырудан қала бюджетіне салық түсімдерінің оң қарқыны байқалады. Мәселен, салық сомасы 2021 жылы 71,9 миллион , 2022 жылы 75,2 миллион теңгені құраса, 2023 жылы 88 миллион теңгеден асқан.
- Бүгінде Семей қаласының тас жолдарының бойында көлемі 10 шаршы метрден асатын 86 ірі жарнама орнатылды. Оларға да жарнама заңнамасының талаптары түсіндірілді. Қазір сыртқы жарнаманы анықтау жұмыстары жүргізілуде. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде меншік иелерінде қажетті рұқсат құжаттары болмағандықтан 120-дан астам құрылыс нысандары алып тасталынды, - деп атап өтті Дархан Сейтханов.