Қазақстанда алкоголь өнімдерінің қауіпсіздігі туралы регламент келер жылы күшіне енеді

Қазақстанда алкоголь өнімдерінің қауіпсіздігі туралы регламент келер жылы күшіне енеді

Қазақстан ЕАЭО-ның "Алкоголь өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентін енгізуді кейінге қалдыруды қолдамады. Қазақстанда регламент нормалары 2024 жылы күшіне енеді, деп хабарлайды Zakon.kz сілтеме жасап, abaidan.kz тілшісі. 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің баспасөз қызметі 14 желтоқсанда мәлімдеуінше, Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесінің онлайн отырысында Қазақстан "Алкоголь өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" техникалық регламенттің күшіне енуін кейінге қалдыруды қолдаудан бас тартты.

Отырысқа Қазақстан атынан премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин қатысты. Ол ЕАЭО-ның "Алкоголь өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" регламенті 2018 жылы әзірленіп, қабылданғанын, бірақ оның күшіне ену мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілгенін атап өтті.

"Елімізде жыл сайын суррогат спиртпен уланудың 11 мыңнан астам оқиғасы тіркелетінін және нарықтағы алкоголь өнімдерінің 5 пайыздан астамы қауіпсіздік пен сапа көрсеткіштеріне сәйкес келмейтінін ескере отырып, қазақстандық сарапшылар регламенттің күшіне ену мерзімін 2025 жылдан 2024 жылдың 1 шілдесіне дейін қысқартуды талап етті", – деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.

Алты ай ішінде Қазақстан барлық ішкі мемлекеттік мақұлдау рәсімдерін өткізіп, сыра қайнату және шарап өнімдерін реттеуге қатысты мәселелерді шешеді. Шілде айынан бастап регламент нормалары бүкіл елде қолданыла бастайды.


#право, #Казахстан