Мердігерге жөндеуді уақытында аяқтамағаны үшін айыппұл салынды
Семей қаласының тұрғыны пәтер жөндеуі бойынша 5 500 000 теңгеге шарт жасасқан. Орындаушы жұмысты мерзімінде аяқтамағандықтан, Абай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінді,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне сілтеме жасап.
Тексеру барысында жұмыстардың созылып кеткені және Орындаушының шарт талаптарын орындамағаны анықталған. ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 34-бабы жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды міндеттейді, ал 35-бапқа сәйкес әрбір кешіктірілген күн үшін жұмыс құнының 1% мөлшерінде айыппұл төленуі тиіс.
- Жүргізілген жоспардан тыс тексеру нәтижесінде Орындаушы ҚР ӘҚБтК-нің 190-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Сонымен қатар бұзушылықтарды жою және жөндеуді аяқтау туралы ұйғарым берілді,-дейді Абай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Серікхан Нұртазин.
Департамент өкілдері азаматтарға жөндеу немесе қызмет көрсету шарттарын мұқият қарап шығуды және міндеттемелер орындалмаған жағдайда «E-Өтініш» АЖ арқылы немесе Семей қаласы, Абай көшесі, 99 мекенжайы бойынша шағымдануға болатынын ескертеді.