Тауар мәлімделген сипаттама мен үлгіге сәйкес келмейді

Тауар мәлімделген сипаттама мен үлгіге сәйкес келмейді

Сипаттама мен үлгіге сәйкес келмейтін тауарды ұсыну аталған Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 25-бабының 5-тармағын бұзу болып саналады. Бұл туралы Абай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы  Серікхан Нұртазин мәлімдеді, деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі. 

Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 25-бабының 5-тармағына сәйкес, тауарды үлгі және (немесе) сипаттама бойынша сату кезінде, сондай-ақ тауарды электрондық саудада өткізу кезінде сатушы тұтынушыға үлгіге және (немесе) сипаттамаға сәйкес келетін тауарды беруге міндетті.

Бұл бұзушылық тұтынушыны тауардың тұтынушылық қасиеттері жөнінде жаңылыстыруға болып табылады және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 190-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық ретінде сараланады.

Мәселен, Абай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне белгілі маркетплейсте сатып алған тұтынушыдан сипаттама мен үлгіге сәйкес келмейтін тауар жеткізілгені туралы өтініш келіп түсті.

Түскен өтініштің негізінде Департамент кәсіпкерлік субъектісіне қатысты жоспардан тыс тексеру тағайындады.

Жоспардан тыс тексеру барысында кәсіпкерлік субъектісі жіберілген қателікті мойындап, анықталған бұзушылықты жоюға дайын екенін білдірді.

Тексеру нәтижелері бойынша Департамент тарапынан кәсіпкерлік субъектісіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, кәсіпкерлік субъектісіне анықталған бұзушылықтарды белгіленген мерзімде жою туралы нұсқама берілді. Осыдан кейін, маркетплейс тауардың сипаттамасын түзетіп, тауардың үлгісіне сәйкес келтірді.

Жыл басынан бері Абай облысында сипаттама мен үлгіге сәйкес келмейтін тауарды ұсыну фактілері бойынша 3 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылды. Берілген нұсқамалар нәтижесінде бұзушылықтар жойылып, тұтынушыларға ақша қаражаттары қайтарылды.


#право, #Абайская область, #потребитель