Құрылтай 43 қаралымabaidan.kz

Қазақстанның шекара маңындағы аудандарында халық саны азайып барады

Қазақстанның шекара маңындағы аудандарында халық саны азайып барады

Қазақстанның батыс, солтүстік және шығысындағы шекаралас аудандарда халық саны кеміп барады. Бұл туралы Құрылтай депутаты Ерлан Саиров мәлімдеді.Бүгін Құрылтайдың Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетінде «Шекара маңындағы аумақтарды дамыту туралы» заң жобасы таныстырылды.Құрылтай кулуарында журналистер депутаттан шекара бойындағы қай өңірлерде жағдай күрделі екенін сұрады.

Ерлан Саиров Фото: видеодан алынған скрин

– Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан өңірлерінің бәрінде халық саны азайып жатыр. Сондықтан бұл заң негізінен батыс, солтүстік және шығыс өңірлерге қатысты, – деді Ерлан Саиров.

Депутат шекаралас аудандарда тұрғындар санының кемуімен қатар, әлеуметтік нысандардың тапшылығы да байқалатынын айтты. Атап айтқанда, бұл өңірлерде мектеп, аурухана мен медициналық пункттер жетіспейді. Бұған қоса, шекара бойындағы елді мекендердің қатынасын жақсарту үшін жол салу және жол инфрақұрылымын дамыту маңызды.

Заң жобасы нені көздейді?

Заң жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы наурызда өткен Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмасы бойынша әзірленген.

Құжат шекара маңындағы аумақтардың құқықтық мәртебесін айқындауды, оларды дамытудың негіздері мен мақсаттарын белгілеуді, сондай-ақ экономикалық, әлеуметтік және өзге де даму бағыттарын бекітуді көздейді.

Жоба бойынша мемлекеттік шекарадан 50 шақырымға дейінгі қашықтықта орналасқан әкімшілік-аумақтық бірліктердің аумақтарын шекара маңындағы өңірлерге жатқызу ұсынылады. Олардың тізімін өңірлік даму саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

Шекара маңындағы аумақтарды дамыту экономикалық негізділік, үйлесімділік, әділеттілік және қауіпсіздік қағидаттарына сүйенеді.

Сонымен қатар мемлекеттік қолдаудың арнайы шараларын қажет ететін, шекарадан 25 шақырымға дейінгі аумақта орналасқан елді мекендерді шалғайдағы шекаралық елді мекендер санатына жатқызу ұсынылған. Бұдан бөлек, шекара маңындағы аумақтардың тізімін жасақтау көзделеді.



https://kaz.inform.kz/news/kazakstannin-shekara-manindagi-audandarinda-halik-sani-azayip-baradi-3e672284/