Еліміз тарихында алғаш рет Құрылтай депутаттарының сайлауына дауыс беру басталды. Ел азаматтары жаңа бір палаталы заң шығарушы органның құрамын қалыптастыруға қатысып жатыр.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлау күні Қазақстан аумағында және шетелдегі Қазақстанның өкілдіктерінде барлығы 10 423 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның ішінде шетелдерде орналасқан ондаған учаске қазақстандық азаматтардың өзге елдерде жүріп-ақ конституциялық құқығын жүзеге асыруына мүмкіндік береді.
Негізгі сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де ашылып, 20:00-де жұмысын аяқтайды. Ал әскери бөлімдер, медициналық ұйымдар, үздіксіз жұмыс істейтін өндіріс орындары және басқа да арнайы нысандарда орналасқан кейбір учаскелер дауыс беруді ертерек бастайды.
Құрылтайдың алғашқы құрамы сайланады
Бұл сайлау Қазақстанның мемлекеттік құрылымындағы жаңа кезеңнің басталуымен ерекшеленеді. Жаңа Конституцияға сәйкес, заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган ретінде бір палаталы Құрылтай белгіленеді.
Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы бес жыл мерзімге өткізіледі. Сайлау нәтижесінде жаңа заң шығарушы органның құрамы жасақталады.
ОСК мәліметіне сәйкес, сайлаушылар тізіміне 12,6 миллионнан астам азамат енгізілген. Дауыс беру құқығын жүзеге асыру үшін азаматтар өздері тіркелген тұрғылықты мекенжайы бойынша сайлау учаскесіне баруы тиіс.
Дауыс беру — азаматтық жауапкершілік
Орталық сайлау комиссиясы азаматтарды сайлауға белсенді қатысуға шақырады. Комиссияның хабарлауынша, әрбір сайлаушы өзінің сайлау учаскесін алдын ала тексере алады. Бұл мүмкіндік eGov Mobile қосымшасы мен Gov.kz порталындағы арнайы сервис арқылы да қолжетімді.
Сайлауға келген азамат жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуі керек. Цифрлық құжатты да пайдалануға болады.
Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы елдің саяси жүйесіндегі маңызды оқиғалардың бірі саналады. Бүгінгі дауыс беру нәтижесінде Қазақстанның жаңа заң шығарушы органының алғашқы құрамы анықталып, алдағы бес жылдағы заң шығару жұмысының бағыты қалыптасады.
Сайлау учаскелеріндегі дауыс беру аяқталғаннан кейін бюллетеньдерді санау басталып, сайлау қорытындылары Орталық сайлау комиссиясы тарапынан жарияланады.





