Білім 49 қаралымabaidan.kz

Педагогтерге қолдау көрсететін байланыс орталығы іске қосылады

Педагогтерге қолдау көрсететін байланыс орталығы іске қосылады

Оқу-ағарту министрлігі «Ұстаз» платформасының жанынан педагогтерге қолдау көрсететін 1472 байланыс орталығын іске қосады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Instagram парақшасында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, педагогтер еңбек қатынастары мен еңбек жағдайы, жалақы мен қосымша төлемдердің есептелуі, әдістемелік қолдау, сондай-ақ басшылармен немесе ата-аналармен арадағы келіспеушілікке қатысты мәселелер бойынша орталыққа жүгіне алады.

— Кейде педагогтер өтінішіне жауап алу үшін айлап күтуге, қайта-қайта сұрау салуға немесе түрлі мекемелерге жүгінуге мәжбүр болады. Біздің міндетіміз — осы тәртіпті өзгерту, — деді Жұлдыз Сүлейменова Instagram парақшасында. 

Спикердің сөзінше, 1472 нөміріне келіп түскен өтініштерді қабылдау кезінде педагогтердің құқығы қорғалып, жеке деректерінің құпия сақталуы қамтамасыз етіледі.

— Байланыс орталығын ашудағы басты мақсатымыз — әр педагогтің үніне құлақ асу, өтінішін дер кезінде қарастыру және нақты шешім табуға көмектесу. Педагогтердің құқықтары мен қадір-қасиетін, беделін, абыройын қорғау, лайықты еңбек жағдайын жасау — білім жүйесінің тікелей міндеті, — деп толықтырды министр.

Байланыс орталығы осы және келесі аптада сынақ режимінде жұмыс істейді. Осы кезеңде өтініштерді қабылдау және қарау тәртібі тексеріліп, анықталған техникалық ақаулар жедел түзетіледі.

Айта кетейік, бұған дейін ата-аналар мен педагогтердің ұсынысын жинақтайтын платформа іске қосылатыны хабарланған еді.



https://kaz.inform.kz/news/pedagogterge-koldau-korsetetn-baylanis-ortaligi-ske-kosiladi-34231364/