Абай облысында балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға көмек көрсету бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Қазіргі таңда өңірде 431 бала қорғаншылық пен қамқоршылыққа алынса, тағы 29 бала патронаттық отбасыларда тәрбиеленіп жатыр.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Абай облысының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Айжан Мұқатова мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша, балалармен жұмыстың тиімділігін арттыру үшін өңірде кейс-менеджмент тәсілі енгізілуде. Бұл бағыттағы міндеттер басқарманың сегіз маманына, сондай-ақ қалалық және аудандық қорғаншылық органдары қызметкерлеріне жүктелген. Сонымен қатар облыс бойынша 15 маман «Өркен» институтының арнайы оқу курстарынан өткен.
Бүгінде өңірде балалардың құқықтарын қорғау және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелерімен айналысатын облыстық, екі қалалық және он аудандық комиссия жұмыс істейді. Олар бекітілген жоспарға сәйкес балалармен жеке жұмыс жүргізіп, өзекті мәселелерді қарастырады.
Балалар мен отбасылардан келіп түсетін өтініштер де назардан тыс қалмайды. 2026 жылы облыс бойынша «111» байланыс орталығына 35 өтініш түскен. Олар отбасыларды қолдау, балалардың құқықтарын қорғау, білім беру, психологиялық және медициналық көмек көрсету мәселелерін қамтыған. Бұдан бөлек, «Е-Өтініш» сервисі арқылы басқармаға 60 өтініш жолданған.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Семей қаласындағы 24 мектеп-интернатта, балаларды оңалту орталықтары мен балалар үйлерінде мониторинг жүргізілген. Тексеру нәтижесінде балалардың өмір сүру жағдайлары мен қауіпсіздігін жақсарту бойынша тиісті басқармаларға ұсыныстар беріліп, олардың орындалуы бақылауға алынған.
Сонымен қатар полиция және төтенше жағдайлар департаменттерімен бірлесіп, профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, жол қауіпсіздігі бойынша түсіндіру шараларына 10 мектептің 1 246 оқушысы қатысқан. Отбасылар арасында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау жөнінде де ақпараттық жұмыстар ұйымдастырылуда.
Балаларды отбасына орналастыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, балаларды отбасына орналастырудың қорғаншылық, қамқоршылық, патронаттық тәрбие, кәсіби қабылдаушы отбасы және бала асырап алу сияқты түрлері қарастырылған. Әрбір жағдайда баланың жеке қажеттілігі, мүддесі мен қауіпсіздігі басты назарға алынады.
Отбасы институтын нығайту және қорғаншы отбасыларға қолдау көрсету мақсатында 20–29 қазан аралығында облыс көлемінде «Қамқоршы күні» аясында бірқатар іс-шара өткен.
Ал 16–27 қараша аралығында өңірде «Бала құқығы – мемлекеттік тірегі» атты онкүндік ұйымдастырылуда. Оның негізгі мақсаты – балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру, зорлық-зомбылық пен құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамда бала құқығына деген жауапкершілікті қалыптастыру.
Бұдан бөлек, биыл қазан айынан бастап балалар мен отбасыларға қолдау көрсету жұмыстарын үйлестіруге арналған BALAZHAN платформасы іске қосылған. Жаңа платформа ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіруге және көмекке мұқтаж отбасылармен жұмысты жүйелеуге бағытталған.
Басқарма басшысы балалардың құқықтарын қорғау мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бір ғана мемлекеттік органның емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да мемлекеттік органдармен, білім беру ұйымдарымен және ата-аналар қауымдастығымен бірлесіп жалғасын табады.




